Аймақ

Ақтөбеде 272 млн теңге жымқырған шенеунік сотталды

10:26, 23 сәуір 2025 30

Ақтөбеде жемқорлық бойынша тағы бір жоғары лауазымды шенеунік сотталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Ақтөбе қаласының №2 соты «Ақтөбе қаласының жол қозғалысы және цифрлық технологиялар қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» КММ директоры А. Тілмағамбетовке қатысты үкім шығарды. Ол жеке кәсіпкер А. Кусумовпен сөз байласып, жалған мемлекеттік сатып алу шартын жасап, орындалмаған жұмыстар үшін 35 миллион теңге бюджет қаржысын заңсыз иемденген.

Бұған қоса, Тілмағамбетов мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері аясында өздері орындауға тиіс жол таңбаларын салу жұмыстарын қайтадан мемлекеттік сатып алу арқылы рәсімдеп, қосымша 237 миллион теңге қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталды.

Сот үкімімен Тілмағамбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істеу құқығынан айырылды. Оның сыбайласы Кусумов та 7 жылға сотталып, коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Қазір үкім заңды күшіне енген жоқ.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз