Аймақ

Алматының орталығында салынатын әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты дау туды

15:00, 23 қазан 2025 40

Алматының орталығында салынатын әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты дау туды, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Академқалашық тұрғындары үйлерінің іргесінен салынайын деп жатқан құрылысқа қарсы шықты. Жоспарланған ғимараттар тектоникалық жарылыс аймағына тым жақын орналасқан деген жұрт Президентке үндеу жолдап,  арнайы видео түсірген.

«Құрылыс біздің үйлерге тым жақын жерде салынбақ. Бұл ғимараттар бос кеңістікті түгел алып қояды. Жер телімі тектоникалық жарылыс аймағына тым жақын орналасқан. Сондықтан бұрын мұнда құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеген. Қазір бұл жерде жүзден астам ағаш өсіп тұр. Әл-Фараби даңғылында онсызда түрлі тұрғын үй мен іскерлік кешендер тығыз салынған. Тағы бір іскерлік орталықтың еш қажеттілігі жоқ», – делінген тұрғындардың үндеуінде.

Сөйтсе, мұнда бес жұлдызды қонақүй мен бизнес орталық бой көтермек екен. Дау тудырған аумақты жуырда SABA Group құрылыс компаниясы сатып алған. Әрі әр үйдің тұрғындарымен кездесіп, талаптарын тыңдадық дейді. Соған сай құрылыстың жобасын да өзгертіпті. Мәселен, бастапқыда барлық ғимарат 9 қабатты болады деп жоспарланған екен.

Ал қазір наразы тұрғындардың пікірін ескеріп, олардың үйлерін жаппас үшін бизнес орталықтың көлденең орналасқан ғимаратын 3 қабатқа, ал жанындағы екі нысанын 5 қабатқа төмендету туралы шешім қабылдаған.

«Біз бұл жерді 15 қазанда сатып алдық. Сосын жобаны өзгерттік. Бизнес орталықтың ғимаратын 5 қабатқа дейін төмендеттік. Тұрғындар әрі-бері өтетін жол керек деді. Біз соны жасап бердік. Өтетін жер бар. Аялдамаға баратын жол ашық болады. Машина да жүре алады. Тұрғын үйлермен арақашықтық заң аясында сақталады. Біз Академқалашық тұрғындарының өмірін жақсартуға ат салысқымыз келеді», - деді SABA GROUP құрылыс компаниясының президенті Ильяс Карбозов.

Әрі құрылыс жоспарланған аумақ сейсмикалық жағынан қауіпті деген ақпарат шындыққа жанаспайды дейді компания өкілдері. 

«Мұнда тектоникалық жарылыс жоқ. Ол Әл-Фараби даңғылының жоғары жағымен өтеді. Жерді сатып алмас бұрын құжаттарын әбден зерттедік. Қаланың бас жоспарын қарадық. Бас жоспарға сәйкес, мұнда қоғамдық іскерлік аймақ жоспарланған», - деді компания басшысы. 

Компания өкілдері жаңа нысан Академқалашық үйлерінің инженерлік жүйелеріне еш зиянын тигізбейді деп сендірді. Ал, аумақтағы 400 ағаш оталғанымен, оның орнына 10 есе көп тал отырғызылады. Яғни, 4 мың көшет пайда болады. 

Компания өкілдерімен кездесу барысында кей тұрғындар студенттердің тым көптігіне, әрі олардың у-шуына шағымданған. Мұны ескерген мердігер қонақүй мен бизнес орталық салынатын аумақта кішігірім саябақ жасап бермек. Онда орындықтар қойылып, қоғамдық тамақтану орындары пайда болады. Жастар сонда қыдырып, жұрттың тынышын қашырмайды дейді компаниядағылар.

Дауға себеп болған құрылыс туралы қала әкімінің орынбасары да пікір білдірді.

«Аталған нысан қала құрылысының құжаттарына толық сәйкес келеді. Әзірге заңдылығына күмән жоқ. Бірақ олар бізге барлық құжаттарымен толық келген жоқ. Дегенмен, бұл жобаны іске асыруға құқықтары бар, ол біздің бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сай. Онда кеңселер мен қонақүй болады. Біз құрылыс жүргізушіден өз жобасын көршілес үйлермен келісуді, тұрғындардың қолайлы жағдайын сақтауды сұрадық. Сонымен қатар, ғимараттардың биіктігі мен тығыздығын азайтуды талап еттік. Сондықтан тұрғындардың пікірін және біздің талаптарды ескере отырып, бұл жоба өмір сүруге құқылы деп есептейміз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

Әл-Фараби даңғылының бойында жоспарланған құрылыс келер жылы басталады. Әрі заман талабына сай қонақүй мен кеңселер 1 жарым жыл ішінде салынып бітпек.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз