Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз иемденілген мемлекеттік жерлерді қайтару жөніндегі стратегиялық тапсырмасы ел көлемінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстардың кезекті нәтижесі мегаполис – Алматы қаласында нақты іспен көрініс тапты. Сот шешімімен Медеу ауданындағы су қорғау аймағынан жалпы аумағы 7,7 гектардан асатын 17 жер учаскесі заңды иелерінен өндіріліп, мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Аталған учаскелер Мұзтау шағынауданындағы (бұрынғы Бутаковка - Ред) Бекенбай өзені арнасының су қорғау аймағында орналасқан. Бұл аумақтардың заңсыз берілгені Алматы қаласы әкімдігінің жерді пайдалану саласында жүргізіп отырған жүйелі мониторинг жұмыстарының арқасында әшкереленді. Тексеру барысында бұл жер учаскелеріндегі жылжымайтын мүлік нысандарының кадастрлық төлқұжаттарын рәсімдеу кезінде өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
Заңсыздықтардың орын алуына байланысты Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті тексеру қорытындысы бойынша аталмыш 17 жер учаскесіне қатысты сәйкестендіру құжаттарының күшін жою туралы тиісті нұсқама шығарды. Алайда жауапты тұлғалар тарапынан нұсқама талаптары уақтылы орындалмады. Осыған орай, ведомство Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдауға мәжбүр болды.
Сот процесі барысында барлық дәлелдемелер жан-жақты қаралып, қалалық сот талап-арызды толық көлемде қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін, экологиялық және қалақұрылыс нормаларын бұза отырып жеке меншікке өтіп кеткен жер телімдері толығымен мемлекет қарамағына қайтарылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алматы қаласының әкімдігі қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес, заңсыз рәсімделген басқа да жер учаскелерін анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы кешенді шараларды әрі қарай да жалғастыра бермек. Мемлекет басшысының бұл бағыттағы тапсырмасының мүлтіксіз орындалуы – табиғи ресурстарды қорғау мен қаладағы заң үстемдігін қамтамасыз етудің басты кепілі болып қала береді.