Алматыда сәуір айының соңында қаза тапқан 17 жастағы Дінмұхамед Есенгелді мен Ешім Қалдыбайдың өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Іс материалдары сотқа жолданып, алты күдікті сот алдына шықпақ, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиға 29 сәуірден 30 сәуірге қараған түні Алматының Алатау ауданында болған. Бұған дейін жарияланған мәлімет бойынша, жастар арасындағы жанжал компьютерлік клубта басталып, кейін көшедегі жаппай төбелеске ұласқан. Қақтығыс кезінде Дінмұхамед Есенгелді мен Ешім Қалдыбай пышақ жарақатын алып, кейін көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғады. Бастапқы кезеңде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 12 адам ұсталғаны хабарланған. Олардың әрекеттеріне тергеу барысында жеке-жеке құқықтық баға берілетіні айтылған.
Іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмдардың туыстары оқиғаның барлық қатысушысын анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Дінмұхамедтің жақындары бұған дейін жасөспірімге ақша бопсалау сипатындағы қысым көрсетілген болуы мүмкін екенін де мәлімдеген. Бұл жайт жөніндегі ақпарат туыстарының нұсқасы ретінде айтылған.
Ешім Қалдыбайдың жақындары, өз кезегінде, жараланған жасөспірімге медициналық көмек көрсету тәртібіне қатысты сұрақ көтерген еді. Әлеуметтік желіде оның ауруханаға дер кезінде жеткізілмегені туралы мәлімет тарады. Кейін Алматы полициясы бейнебақылау камералары арқылы оқиға хронологиясы минутына дейін қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Ведомство дерегінше, жедел жәрдем жасөспірімді алып кеткен сәттен ауруханаға жеткізгенге дейін 5–6 минут өткен.
Енді бірнеше айға созылған сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қаза болған Дінмұхамедтің әпкесі Айзада Есенгелдінің айтуынша, тергеу қорытындысы бойынша алты күдікті айыпталушылар орындығына отырмақ.
Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 9 қазан күні сағат 10:00-де өтеді. Процесс Алматыдағы Наурызбай аудандық сотының ғимаратында офлайн форматта ұйымдастырылады. Істі судья Гаухар Шалабаевақарайды.
Осылайша, сәуірдегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған 12 адамның алтауы сот алдына шыққалы отыр. Ал олардың әрқайсысына қандай айып тағылғаны мен істің сотта қандай тәртіппен қаралатыны алдын ала тыңдау барысында нақтылануы мүмкін.