«Қазақстан балалары» тұжырымдамасының басты мақсаты – әрбір өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қауіпсіз, сапалы әрі жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бұл мемлекеттік бастама балалардың сапалы білім алуын ғана емес, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды, денсаулығын нығайтуды және әлеуметтік теңсіздікті жоюды көздейді. Бұл бағытта мегаполис – Алматы қаласы ауқымды жұмыстарды сәтті жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz тілшісі.
Биылғы жазғы кезеңде Алматыда 294 мыңға жуық бала демалыс пен сауықтыру бағдарламаларымен қамтылады. Бұл – шаһардағы 1–10 сынып оқушыларының жалпы санының 98,7%-ы. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев ресми түрде мәлімдеді.
Мемлекеттік тұжырымдаманың маңызды тіректерінің бірі – әлеуметтік осал санаттағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды толыққанды қолдау. Алматы қаласының әкімдігі бұл бағытқа басымдық беріп отыр.
«Әлеуметтік осал санаттағы балалардың, жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың демалысын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 527 миллион теңге бөлінді», – деп атап өтті Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев.
Бөлінген бюджеттік қаражат есебінен төмендегідей ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда:
Қала сыртындағы сауықтыру: Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 2 537 бала табиғат аясындағы лагерьлерде демалуда.
Арнайы қолдау: Ерекше білім беру қажеттілігі бар 200 бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 1 000 бала жазғы демалысын мемлекеттік «Өрнек» лагерінде өткізеді.
Инклюзивті орта: Биыл алғаш рет мектеп жанындағы лагерьлерде ерекше мұқтаждығы бар 1 000-нан астам бала үшін арнайы сүйемелдеу мен бос уақытты ұйымдастыру бағдарламасы әзірленді.
Таланттарды ынталандыру: Пәндік және IT олимпиадалардың 200-ден астам жеңімпазы беделді «Балдаурен» республикалық орталығына жолдама алды.
Маусым айының алғашқы күндерінен бастап қалада 207 мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастап, онда 190 мыңға жуық бала қамтылды. Балалардың денсаулығы мен физикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында 42 мың оқушыға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Бұл – жас ағзаның дұрыс қалыптасуына жасалған тікелей қамқорлық.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы тек демалысты емес, сонымен бірге тұлғалық дамуды, еңбекке баулуды және экологиялық мәдениетті қалыптастыруды қамтиды. Жазғы кезеңде Алматы оқушылары үшін келесі бағыттар ұйымдастырылды:
Шығармашылық пен қосымша білім: Оқушылар сарайы, өнер мектептері мен қосымша білім беру ұйымдары базасында 80 мыңнан астам бала түрлі үйірмелерге қатысты.
Кәсіптік бағдар беру: 600-ге жуық оқушы қаланың 18 колледжінің базасында заманауи мамандықтармен танысып, болашақ кәсібін таңдауға мүмкіндік алды.
Экологиялық тәрбие: «Таза Қазақстан, жасыл сабақтар» жобасы аясында 100-ден астам іс-шара өтіп, оған 20 мыңға жуық оқушы мен студент белсене қатысты.
Кітап оқу мәдениеті: «Каникулда кітап оқимыз» жобасы шеңберінде қосымша білім берудің 20 орталығында заманауи WORKSPACE ALMATY аймақтары ашылып, балалардың зияткерлік дамуына жағдай жасалды.
Алматы қаласындағы бұл ауқымды шаралар – мемлекеттің балалар болашағына салған ең басты инвестициясы әрі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жеңісті нәтижесі.