Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы облысының аудандары мен қалаларында бір мезетте Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, елдік пен бірліктің белгісі ретінде ұлықталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Мерекелік шараның басты бөлімі Іле ауданының Өтеген батыр кенті мен Қонаев қаласының 5-жағажайында ұйымдастырылды. Таңертең Өтеген батыр ауылында Мемлекеттік Ту тұғыры маңына жиналған көпшілік Әнұранды бірге шырқап, көк байрақтың көкке көтерілу сәтіне куә болды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің ел болашағын тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.
Ту көтеру – тек салтанатты рәсім ғана емес, бұл – ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, ұлттық рухты жаңғыртудың нақты көрінісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімін оятатын киелі нышан, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік рәміздеріміз – күллі халқымызға қастерлі нышандар» деген сөзіне тоқталып, тәуелсіздіктің құндылығына ерекше мән берді.
Шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды.
Мерекенің екінші кезеңі Қонаев қаласындағы 5-жағажайда жалғасты. Қала көшелерімен өткен «Тұлпар» ретро көліктер шеруі мерекеге көрік беріп, жағажай алаңына тізіліп қойылды.
Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген сәт — кәсіби флайбордшы Олеся Колесниченконың су үстіндегі көрінісі болды. Ол катерлер мен желкенді қайықтардың арасында әуеге көтеріліп, акробатикалық өнер көрсетті.
Бұл күн — жас ұрпаққа елдік пен бірлік туралы ой салып, ел рәміздерінің қадірін терең ұғынуға мүмкіндік берді.