Ақтөбе гарнизонының әскери соты әскери қызметшінің денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан өкілеттігін асыра пайдаланған сержантқа үкім шығарды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Соттың мәліметінше, мерзімді әскери қызметшілерге жауапты болған сержант сарбаздардың біріне дене жарақатын салған. Соның салдарынан жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады. Ол азаматтық талапты ішінара ғана мойындап, тек жәбірленуші өкілінің қызметіне ақы төлеу бойынша сот шығындарын өтеуге келісті.
Өз кезегінде жәбірленуші сотталушыға заңға сәйкес жаза тағайындауды және азаматтық талапты толық көлемде қанағаттандыруды сұрады.
Сот сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, сондай-ақ жәбірленушінің, куәгерлердің және сарапшының айғақтарымен дәлелденеді деген тұжырымға келді.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот әскери қызметшіге 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұдан бөлек, сот жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 700 мың теңге және өкілдің қызметіне ақы төлеу бойынша сот шығындарын өтеу есебінен 900 мың теңге өндіруді қаулы етті, - деп жазылған сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.