Ақмола облысында үш автокөлік соқтығысып, салдарынан бес адам қаза тапты, тағы бес адам жарақат алды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиға 21 маусым күні сағат 14:56 шамасында Целиноград ауданындағы Астана – Қорғалжын тасжолында, Оразақ пен Өтеміс ауылдарының арасында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser көліктері қатысқан.
Соқтығысудан кейін екі Toyota көлігі өртеніп кеткен. Өрт сағат 15:35-те толық сөндірілді.
Оқиға салдарынан бес адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді.
Қазір апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.