$ 477.11
 545.58
 6.2

Ақмола мен СҚО-да жол құрылысы мамандары парамен ұсталды

Редактор
14.07.2026, 14:20
Фото: istockphoto
Фото: istockphoto
Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал көлемі 24 млн теңгеден асады.

 «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол құрылысы нысандарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту аясында анықталған заң бұзушылықтарды құқық қорғау органдарына жолдады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Компанияның мәліметінше, ішкі бақылау жүйесі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің жұмысы нәтижесінде бірнеше заң бұзушылық фактісі анықталған.

2026 жылғы 8 шілдеде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның бастамашылық хабарламасы негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мердігер ұйымның техникалық қадағалау жөніндегі бас инженерін орындалған жұмыстардың аралық актісі сомасының 1 пайызы көлемінде пара алу кезінде ұстады, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар компания жүргізген қызметтік тергеп-тексеру мен аудит нәтижесінде Көкшетау көлік прокуратурасы «ҚАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 250-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеген. Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал көлемі 24 млн теңгеден асады.

Аталған фактілер ішкі бақылау, аудит және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесі аясында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде анықталды. Компания жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын басшылыққа ала отырып, құқық қорғау, арнаулы және қадағалау органдарымен өзара іс-қимылды жалғастырады, – деп мәлімдеді ұлттық компания.

Сондай-ақ 2025 жылғы шілдеден бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістерге сәйкес техникалық және авторлық қадағалау мамандары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілгені атап өтілді. Осыған байланысты оларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада көзделген барлық шектеулер мен жауапкершілік қолданылады.

Компания жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану және өзге де заңсыз әрекеттердің әрбір фактісі құқық бұзушының лауазымына немесе мәртебесіне қарамастан құзыретті органдарға жолданатынын ескертті.