3 қыркүйек күні Абай облысының Аягөз қаласында полиция қызметкерлері күдікті зат табылғаннан кейін аумақты қоршап, тұрғын үйден адамдарды эвакуациялады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, кезекші бөлімге 70 жастағы жергілікті тұрғыннан хабар түскен. Ер адам жолдан өтіп бара жатып, жерде жатқан сырттай снарядқа ұқсас металл затты байқаған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері, ІІМ сапёрлары және ТЖД мамандары келді. Аймақ қоршалып, тұрғындар қауіпті аймақтан шығарылды.
70 жастағы жергілікті тұрғын темір затты байқап, ол сыртқы пішіні бойынша снарядқа ұқсас болғандықтан, дереу "102" арнасына хабарласқан. Зерттеу нәтижесінде табылған заттың қауіп төндірмейтіні анықталды. Бұл пайдаланылған кассеталық мина болып шықты. Ол жарылыс қаупін тудырмайды, - деп хабарлады Абай облысының ПД баспасөз қызметі.
Табылған зат "Восток" өңірлік бөлімшесіне тапсырылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.