Үбі өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Абай облысындағы Красный Яр ауылын су басу қаупі төніп тұр. Осыған байланысты жедел штаб құрылды деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, кеше, 5 сәуірде кешкі сағат 20:35-те Үбі өзеніндегі мұз кептелісінен су деңгейінің көтерілуіне байланысты Бородулиха ауданындағы Красный Яр ауылындағы өзенге жақын бір көшенің аула аумақтарын су басу қаупі туындаған.
Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар, жедел құтқару жасағы мен полиция бөлімшелерінен барлығы 123 адам және 39 техника, оның ішінде 3 жүзу құралы ауылға шоғырландырылды. Қауіптің бетін қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында ауылдағы өзен жағасына жақын көшенің 26 тұрғыны өз еріктерімен мектепке уақытша орналастырылды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері аулаларын су басуы мүмкін тұрғындардың малдарын басқа шаруа қожалықтарына жеткізді. Облыс әкімі Берік Уәли бүгін, таңертең ерте Бородулиха ауданына арнайы келді, - деп хабарлады Абай облысының әкімдігі.
Елдімекенде жедел штаб құрылған. Оған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жетекшілік етеді. Үбі өзеніндегі мұз кептелісін жойып, су арнасын толық ашу үшін мұз жару жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Үбі өзеніндегі су деңгейін тікұшақ арқылы әуеден бақылау жүргізілді.
Аудан әкімінің мәліметіне сай, ауылдағы өзен жағасына жақын 30 шақты үйдің ауласына су кірген.