Синоптиктер 16-18 шілде аралығындағы ауа райы болжамын жариялады. Еліміздің кей өңірлерінде қатты ыстық күтіледі, деп хабарлайды bairaqmedia.kz "Қазгидрометке" сілтеме жасап.
Метеорологиялық қызмет мамандарының мәліметінше, Қазақстанның бірнеше өңірінде қолайсыз ауа райы күтілуде.
Солтүстік-батыс циклонының және онымен байланысты атмосфералық фронттардың батыс, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы болжанып отыр.
16-17 шілдеде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады, бұршақ жаууы және жел күшеюі мүмкін.
Сондай-ақ Қазақстанның батысында жауын-шашынның әсерінен аптап ыстықтың беті қайтады: күндіз ауа температурасы +22...+35 градус болады, солтүстікте температура +21...+36 дейін төмендейді, ал республиканың орталығы мен шығысында +41 градусқа дейін аптап күтілуде.
Ал елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батыстың кейбір аудандарында Орталық Азия аймақтарынан келетін ыстық ауа массаларының әсері жалғасады.
Мұнда негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтілуде, тек оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнау мүмкін.
Күндіз ауа температурасы +41...+46 градусқа дейін жетеді, бұл синоптиктердің болжамы бойынша климаттық нормадан жоғары.