Шоу-бизнес жаңалықтары

162 миллион теңге табыс: Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласының үстінен қылмыстық іс қозғалды

11:16, 19 маусым 2025 609

Ақтаулық ерлі-зайыпты, яғни, танымал әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова күйеуімен бірге Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам оқырмандарының арасында ауқымды онлайн-лотереялар ұйымдастырғаны үшін істі болып жатыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл лотереяларға 1 800-ден астам азамат қатысқан. Заңсыз қызмет арқылы тапқан қылмыстық табыс көлемі 162 млн теңгеден асқаны анықталды.

Лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, олар автокөлік, пәтер және басқа да бағалы жүлделер ойнатқан. Қатысушылар құны 500-ден 50 000 теңгені құрайтын билет (цифрлық нөмір) сатып алып отырған, — делінген хабарламада.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қазір күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Azattyq Rýhy порталының ақпаратына сәйкес, ұтыс ойнататын Instagram парақшасын 2022 жылдан бері белсенді жүргізіп келе жатқан Гүлеркем Ниязқұлова заңсыз әрекеттері үшін 2024 жылы 1 107 600 теңге айыппұл төлеген. Оның ұтыс ойындарын өткізуше ешқандай құқығы жоғы анықталды.

«Аталған парақшаның иесі Ниязқұлова Гүлеркем Абайқызына қатысты «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 4, 5-тармақтарында белгіленген талаптарды бұзуы бойынша 2024 жылғы 24 мамырдағы №15 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2024 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен аталған тұлға тиісті әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 1 107 600 тенге айыппұл салынған», - деп хабарлады комитеттен.

Елімізде 15 жыл мерзімге лотерея өткізу құқығы берілген жалғыз оператор - «Сәтті Жұлдыз» АҚ болып бекітілген. «Сәтті Жұлдыз» «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «@erke_rezerve (Niyazkulova Erke)» лотерея агенті емес екенін растады. Абай Бегейдің қызы лоторея операторымен шарт жасаспаған.

Ал Заңның 5-бабының 4) және 5) тармақтарына сәйкес, лотерея операторы емес тұлғаның лотерея өткізуіне және лотерея операторы немесе лотерея агенті емес тұлғаның лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін таратуына (өткізуіне) тыйым салынған.

Заңнаманы бұзған блогерге сол үшін де «ұтыс ойындарында көрсетіп жүрген бума-бума ақшасынан әлдеқайда кем» айыппұл салынған.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз