Сирек кездесетін Грейг қызғалдағын терген әйелге 12 миллион теңгеге тарта айыппұл салынуы мүмкін деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Түркістан облысының полициясы қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлған әйелді іздеп жатыр. Ордабасы ауданында түсірілген видео әлеуметтік желілерде пайда болған. Айта кетейік, елімізде сирек кездесетін гүлдерді теруге заң бойынша тыйым салынған.
Жабайы қызғалдақтар 4 жылдан 7 жылға дейін жерде сақталуы мүмкін тұқым арқылы көбейеді. Гүлді жұлса, тұқымы да жоғалады. Осылайша, жаңа гүл шығуы сирей түседі.
Сәуір басталғалы полицейлер әлеуметтік желілерді мұқият тексеріп, осындай жағдайларды қадағалап отыр. Ал, экологтар осы өсімдік түрінің сақталуын бақылауда ұстауға тырысуда.
Айта кетейік, қызғалдақ қызыл кітапқа енген өсімдік. Оны жұлуға ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін 3000 АЕК-ға дейін айыппұл, немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не болмаса 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.