$ 463.41
 546.27
 6.18

Жетісу облысына 4 жыл: жергілікті маңызы бар 1,6 мың км жол жөнделді

Редактор
08.05.2026, 15:23
Жетісу облысы әкімдігі
Жетісу облысы әкімдігі
 Жетісу облысында соңғы 4 жылда жергілікті маңызы бар 1 610,6 км автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Бұл ретте 660,4 км облыстық маңызы бар жолдар және 148 елді мекендегі ұзындығы 950,2 км болатын ауылішілік көшелер қамтылды. Соның ішінде облыс орталығында шамамен 335 км жергілікті автомобиль жолы жөнделді, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Осы орайда биыл Талдықорған қаласында жол жөндеуде ауқымды жұмыстар жоспарланған. Жобалар 118 көшені қамтып, 70 шақырымнан астам жолға жаңа асфальт төселеді.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаевтың айтуынша, сәуір айының ортасынан бастап қаланың орталық бөлігіндегі сегіз көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Абай, Абылай хан, Ескелді би көшелері мен Н. Назарбаев даңғылында, сондай-ақ Шевченко, Желтоқсан, Ақын Сара, Біржан сал көшелерінде жөндеу қолға алынған. Бұл учаскелердің жалпы ұзындығы 30,2 шақырым.

– Биылғы жөндеу жұмыстарының ерекшелігі – аталған көшелердің барлығында икемді люктер орнатылады. Икемді люк – кәріз құдығының бетон сақинасына емес, тікелей жол жабынына орнатылатын жетілдірілген құрылым. Ол температуралық кеңею немесе топырақтың шөгуі кезінде жолмен бірдей қозғалып, асфальттың опырылуын, құдық мойнының бұзылуын болдырмайды әрі жол бетінің тегіс болуын қамтамасыз етеді. Еске салсақ, өткен жылы мұндай люктер Гагарин көшесінде пилоттық жоба ретінде орнатылып, оң нәтиже берген болатын. Биыл қалада осындай 694 люк орнатылады, – деді бөлім басшысы.

Бұдан бөлек, 8-шағын аудан мен «Жастар-3» тұрғын алабында жол құрылысы жүргізілуде. Биыл «Жастар-1» тұрғын алабындағы 53 көшенің, «Құлагер» және «Бірлік» шағын аудандарындағы 5 көшенің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар «Көктал» тұрғын алабындағы 36 көшеде және 3-бөлімшедегі 20 көшеде жұмыстар жалғасуда.

Ерлан Ниетбаевтың айтуынша, бүгінде облыс орталығында 15 мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ 200 бірлік арнайы техника тартылған.

Жөндеу жұмыстары аяқталған жол учаскелері кезең-кезеңімен пайдалануға беріліп жатқанына жүргізушілер де оң пікір білдіруде.

– Бүгінде қала орталығында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әрине, жөндеу кезінде жол қозғалысында белгілі бір қолайсыздықтар туындайды. Дегенмен жөндеу нәтижесінде жолдарымыз жүруге ыңғайлы әрі қауіпсіз сапалы болады. Сондықтан жұмыс істеп жатқан мамандарға алғыс айтамын, ал жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер сабыр сақтап, түсіністік танытады деп ойлаймын. Өйткені мұның бәрі қала тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатыр, – деді талдықорғандық тұрғын Е. Саржанов.

Жөндеу жұмыстары барысында жол белгілері жаңартылуда. Жоспар бойынша 100 жол белгісі ауыстырылып, 300 жаңа жол белгісі орнатылады. Сонымен қатар Абылай хан мен Тынышбаев көшелерінің қиылысына бағдаршам қойылады. Жол таңбалары термопластик материалын қолдану арқылы сызылады, бұл олардың әсіресе түнгі уақытта анық көрінуіне ықпал етіп, жол қауіпсіздігін арттыра түседі.

Еске салсақ, ай басында облыс орталығында арнайы жұмыс комиссиясы құрылған болатын. Комиссия жол жөндеу жұмыстарының сапасын барлық кезеңде — жөндеу басталған сәттен бастап нысандарды қабылдау және оларды кейін пайдалану кезеңіне дейін бақылап отырады. Бұл жол инфрақұрылымының сапасын арттырып, жаңартылған жол учаскелерінің қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Жұмыс комиссиясының қызметі тек облыс орталығымен шектелмей, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан өңірдегі өзге де елді мекендерде бақылау жасайды.

Атап өтсек, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 4 035 км, оның 1 050 шақырымы республикалық маңызы бар, 2 985 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарға жатады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау