$ 470.17
 547.47
 6.42

Жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасы іске қосылды

Редактор
16.05.2026, 21:43
Энергетика министрлігі
Энергетика министрлігі
Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10-20%-ға дейін арттыра алады.

2026 жылғы 16 мамырда Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жобасының салтанатты іске қосу рәсімі өтті Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологияларын тәжірибелік тұрғыда қолдануға көшкен алғашқы ел болды.

Жоба су қоймаларын толықтыру деңгейін арттыруға және елдің оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын су ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны толық ауқымда іске асыру 2026 жылғы 17 мамырда басталады.

Технология Түркістан облысындағы жалпы көлемі 911 мың гектардан асатын егістік жерлерге әсер ететін құрғақшылық пен су тапшылығының салдарын азайтуға арналған. Жоба 1980-жылдардың соңынан бері ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту саласында көпжылдық тәжірибесі бар БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда.

Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрінің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БАӘ-нің Қазақстандағы елшісі Мұхаммад Саид Мұхаммад Әл-Арики, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

«Казахстан климаттық орнықтылықтың жаңа жүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық қадам жасауда. Өңірде алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиялары саласында мұндай ауқымды жоба іске қосылып жатыр. Біз үшін бұл — ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен қазақстандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды», - деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Халықаралық бағалауларға сәйкес, жасанды жаңбыр шақыру технологиялары табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын-шашын көлемін 10-20%-ға дейін арттыра алады. Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылып келеді.

Жоба суға сұранысы жоғары аудандарда, ең алдымен ауыл шаруашылығы аумақтарында жергілікті деңгейде жүзеге асырылады. Жұмыс жүргізілетін аймақтарды таңдау метеорологиялық қызмет мамандары мен профильдік мемлекеттік органдардың қатысуымен ауа райы жағдайын, экологиялық ахуалды және суға қажеттілікті ескере отырып жүргізіледі. Технологияның әсер ету аумағы жергілікті сипатқа ие және радиусы 5 шақырымнан аспайды, сондай-ақ ауқымды ауа райы құбылыстарын қалыптастырумен байланысты емес. Жұмыстарды жүргізу үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.

Жобаны іске асыру ауыл шаруашылығы аумақтарын сумен қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға, құрғақшылықтан келетін шығынды азайтуға және өнімділіктің өсуін қолдауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 млрд теңгеге дейін бағаланады.

Ынтымақтастық аясында БАӘ Ұлттық метеорология орталығының мамандары Түркістан облысының мамандарын ауа райын модификациялау технологияларына оқытуды жүргізуде. Олардың қатарында метеорологтар, ұшқыштар, инженерлер және салалық мамандар бар. Сонымен қатар технологияны Қазақстанның басқа өңірлерінде кеңейту мүмкіндігі қарастырылып, отандық климаттық технологияларды қалыптастырудың іргелі негізі қалануда.

Жобаны іске асыруға Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Көлік министрлігі, Қаржы министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Энергетика министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі, Азаматтық авиация комитеті, Казаэронавигация және Қазгидромет қатысуда.