$ 469.83
 536.83
 5.97

Бақыт Нұрмұханов: «Цифрлық құқықтарды қорғау тек мемлекеттің міндеті емес»

Редактор
18.07.2026, 11:33
дереккөзден
дереккөзден
Құжаттағы ең маңызды өзгерістердің бірі – құқықтық мәдениетті цифрлық қоғамның талаптарымен ұштастыруында.

Қазақстанда құқықтық мәдениетті қалыптастырудың жаңа тәсілі айқындалды. Үкіметтің 2026 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен «Заң және Тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама жаңартылып, жаңа редакцияда бекітілді, деп хабарлады Bairaqmedia.kz. 

Құжаттың басты ерекшелігі – құқықтық мәдениетті заң талаптарын сақтау ұғымымен ғана шектемей, азаматтық жауапкершілікпен, мемлекеттік басқарудың ашықтығымен және цифрлық қауіпсіздікпен өзара байланысты қарастыруында.

Иллюстрация ЖИ арқылы жасалды

Тұжырымдама құқықтық сананы арттыруды мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті ретінде бағалайды. Онда заңға құрметті күнделікті өмірдің қалыпты қағидатына айналдыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру, мемлекеттік органдардың халықпен ашық диалогын күшейту және азаматтық бастамаларды қолдау негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Сонымен қатар құжат мемлекеттік органдардың жұмысын нақты тиімділік көрсеткіштері арқылы бағалауды көздейді. Яғни құқықтық ағарту ісінің нәтижесі енді өткізілген іс-шаралардың санымен емес, азаматтардың қатысу деңгейімен, қоғамдық белсенділікпен және нақты нәтижемен өлшенбек.

Құқықтық мәдениет жаңа мазмұнға ие

Жаңартылған тұжырымдаманың өзегін төрт негізгі қағидат құрайды. «Заң және Тәртіп» заң үстемдігі мен құқық алдындағы теңдікті қамтамасыз етуге бағытталса, «Адал азамат» қоғамда білімді, жауапты әрі заңға құрметпен қарайтын тұлғаның үлгісін қалыптастыруды көздейді. «Таза Қазақстан» қоғамдық жауапкершілік мәдениетін экологиялық сана мен тарихи мұраға ұқыпты қараумен байланыстырады. Ал «Еститін мемлекет» мемлекеттік басқарудағы ашықтықты күшейтіп, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді мақсат етеді.

Осы қағидаттарды іске асыру бес негізгі бағыт арқылы жүзеге асырылады. Олар – заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру, қауіпсіз өмір сүру ортасын құру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғаммен серіктестікті дамыту және азаматтардың қоғамдық белсенділігін ынталандыру. Мұндай тәсіл құқықтық мәдениетті тек құқық қорғау органдарының жұмысы ретінде емес, мемлекеттік саясаттың барлық саласын қамтитын кешенді жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Алайда құжаттағы ең маңызды өзгерістердің бірі – құқықтық мәдениетті цифрлық қоғамның талаптарымен ұштастыруында. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшкен, жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық платформалардың қолданылу аясы кеңейген жағдайда азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері қажет болды.

Цифрлық құқық жауапкершілік жүктейді

ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты конституциялық көзқарастың да жаңаруына ықпал етті.

«Конституцияға енгізілген цифрлық салаға қатысты қағидалар үш негізгі бағытты қамтиды. Олар – технологиялық дамуға құқықтық жағдай жасау, азаматтардың цифрлық мүмкіндіктерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және адамның құқықтарын цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерден қорғау», – дейді ол.

Бұл ұстаным кейінгі жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістермен де сабақтасып жатыр. Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдану мен дамыту туралы арнайы заң қабылданды, Мемлекет басшысы Цифрлық кодекске қол қойды, сондай-ақ дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік саласындағы құқықтық нормалар жүйеленді. Мұның бәрі технологиялық прогресті қолдаумен қатар, адамның жеке өміріне қол сұғылмауын, ақпараттың қауіпсіз сақталуын және цифрлық сервистердің жауапкершілікпен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сарапшының пікірінше, бұл бағыттағы заңнаманың тиімділігі тек мемлекеттік бақылауға ғана емес, азаматтардың құқықтық сауаттылығына да байланысты.

«Цифрлық құқықтарды қорғау тек мемлекеттің міндеті емес. Әр азамат цифрлық гигиена талаптарын сақтап, жеке деректерін қорғауға жауапкершілікпен қарауы қажет. Ал дербес мәліметтерді заңсыз жинау немесе пайдалану заңнамаға сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін», – дейді Бақыт Нұрмұханов.

Жаңартылған тұжырымдама құқықтық мәдениетті қалыптастырудың бұрынғы тәсілінен ерекшеленеді. Егер бұған дейін негізгі назар құқық бұзушылықтың алдын алуға аударылса, енді азаматтың құқықтық санасын қалыптастыруға, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға және цифрлық кеңістіктегі жауапты мінез-құлықты орнықтыруға басымдық беріліп отыр.

Бұл өзгерістер құқықтық мәдениет ұғымының мазмұнын едәуір кеңейтеді. Бүгінде заңға құрмет тек қоғамдық орындардағы тәртіппен немесе құқық бұзушылық жасамаумен ғана өлшенбейді. Ол мемлекеттік қызметтерді қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау, цифрлық сервистерді саналы қолдану, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау және өзгелердің құқықтарына құрметпен қарау арқылы да көрініс табады.

Осылайша, Үкімет бекіткен жаңа тұжырымдама құқықтық мәдениетті дамытудың жаңа моделін ұсынып отыр. Ол құқықтық ағартуды, азаматтық жауапкершілікті, мемлекеттік басқарудың ашықтығын және цифрлық құқықтарды қорғауды бір жүйеге біріктіріп, құқықтық мемлекеттің жаңа кезеңдегі басымдықтарын айқындайды.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау