Мемлекет басқарудағы ең күрделі міндеттердің бірі – дұрыс шешім қабылдау ғана емес, сол шешімді жүзеге асыра алатын мамандарды табу. Әсіресе әлемдік тәртіп өзгеріп, геосаяси текетірес күшейген, экономикалық байланыстар қайта құрылып, мемлекеттер үшін қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да маңызды болған кезеңде кадр таңдаудың салмағы арта түседі.
Қазақстан үшін қазіргі кезең осындай жауапты уақытпен тұспа-тұс келіп отыр. Соңғы жылдары еліміз саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік басқару моделін өзгертуге, экономиканы әртараптандыруға, цифрлық трансформацияға бағытталған ауқымды өзгерістер жүргізіп отыр. 2026 жылы бұл үдерістер жаңа Конституцияның қабылдануы және бірпалаталы Құрылтайдың қалыптасуымен жаңа институционалдық деңгейге көтерілді.
Осының бәрі бір қарағанда әртүрлі көрінетін реформалардың астарында бір ортақ мәселе бар екенін көрсетеді. Ол – жаңа міндеттерді орындай алатын басқару жүйесінің жаңа буынын қалыптастыру. Сондықтан Президенттің кадрлық шешімдеріне тек белгілі бір адамның жаңа қызметке тағайындалуы ретінде қарау жеткіліксіз. Оның әрбір таңдауы мемлекеттік басқарудың белгілі бір буынын жаңарту, жаңа міндетке сәйкес жаңа тұлғаны алға шығару немесе бұрынғы тәжірибені жаңа жағдайда пайдалану қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін.
Тоқаевтың кадрлық шешімдеріне қарасақ, «тосын» болып көрінетін тағайындаулардың артында белгілі бір басқарушылық логика жатқанын байқауға болады. Президенттің ұзақ жылдар бойғы дипломатиялық және мемлекеттік қызмет тәжірибесі кадрды тек лауазымның атауына немесе қоғамдық танымалдығына қарай емес, нақты міндетке қаншалықты сәйкес келетіні тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді. Бір қызметке келген адам өзінің әлеуетін толық көрсете алуы мүмкін, екіншісі күтілген нәтижеге жете алмауы ықтимал. Бірақ кадр саясатының мәні – осындай мүмкіндіктерді дер кезінде байқап, қажетті жағдайда жауапкершілік пен міндетті қайта бөле білу.
Сондықтан тосын таңдау – тәуекел емес, стратегиялық есеп болуы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр саясатының тағы бір ерекшелігі – кей шешімдердің сырт көзге күтпеген болып көрінуі. Яғни мәселе тек «кім тағайындалды?» деген сұрақта емес. Негізгі мәселе – оған қандай міндет жүктелді және ол сол міндетті орындау үшін қаншалықты дайын?
Бұл ретте реформалардың мазмұндық бағытын сүйемелдеуде Вице-Президент Ерлан Қариннің орны бөлек. Оның сарапшылық және мемлекеттік тәжірибесі, саяси процестерді терең түсінуі Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Осы қатарда Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың жоғары мемлекеттік қызметке келуін де бөлек қарастыруға болады. Оның ерекшелігі – саяси сахнада ұзақ уақыт бойы бірінші қатарда жүрген тұлға емес, аппараттық жұмыстың қыр-сырын меңгерген басқарушы ретінде қалыптасуы. Мұндай тәжірибе қазіргі жағдайда жаңа мәнге ие болып отыр.
Бұл тізбекті толықтыра түсетін тағы бір маңызды тағайындау – Аида Ғалымқызы Балаеваның Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне келуі. Оның бай аппараттық тәжірибесі, мемлекеттік басқару жүйесін жетік білуі және Мемлекет басшысы айқындаған бағытқа сәйкес жұмысты жүйелі ұйымдастыра алуы бүгінгі күрделі кезеңде ерекше мәнге ие. Бұл салаға әйел адамның алғаш рет тағайындалуы – ел тарихындағы маңызды қадам. Осы орайда оның қабылданған шешімді жүйелі түрде орындауын, жұмысты үйлестіру және Мемлекет басшысы айқындаған бағытты нақты іске асыру қабілетін ерекше атап өткеніміз жөн.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының әр жылдағы шешімдері де назар аударарлық. Мәселен, Зүлфия Сүлейменова мен Қанат Шарлапаевтың министрлік деңгейіне көтерілуі, Ерболат Досаевтың Алматы қаласын басқаруы – Президенттің кадр таңдауда түрлі кәсіби ортадан шыққан мамандарға мүмкіндік бергенін көрсетеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әрине, жоғары сенім артылғандардың барлығы бірдей өз мүмкіндігін толық пайдаланып, жүктелген жауапкершілікті бірдей деңгейде ақтай алған жоқ. Мемлекет үшін күрделі міндеттер көбейген сайын кадрға қойылатын талап та өзгереді. Қазіргі жағдайда мемлекеттік жүйені ішінен білетін, аппараттық тәжірибесі қалыптасқан басқарушылардың әлеуетіне қайта мән берілуі заңды.
Осы тұрғыдан алғанда, шыңдалған кадрдың жоғары жауапкершілік жүктелетін қызметке келуі кездейсоқ таңдау емес. Керісінше, бұл Мемлекет басшысының кадр таңдауда нақты кезеңнің міндеттерін орындай алатын кәсіби қабілетіне мән беретінін көрсетеді. Сондықтан қазіргі кезеңде Қазақстанға тек жаңа есімдер ғана емес, мемлекеттік мүддені жеке мүддеден жоғары қоя алатын, күрделі шешімдерден қашпайтын, кәсіби білімі мен саяси жауапкершілігі қатар қалыптасқан басқарушылар қажет. Тәжірибе мен жаңа көзқарас бір-бірін толықтырған жағдайда реформалардың саяси шешім деңгейінен нақты мемлекеттік нәтижеге айналу мүмкіндігі артады.