Әнші Абай Бегейдің қызы Сымбат Абайқызы 16 жасында тұрмысқа шығуына қатысты бұрын көпшілікке айтпаған жайтты бөлісті. Оның сөзінше, болашақ күйеуі екеуі сөйлесіп жүрген кезде оны алып қашқан, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Сымбат Абайқызы сол уақытта тұрмысқа шығуды мүлде жоспарламағанын айтады. Тіпті алып қашқаннан кейін жігіттің үйінен қашып кеткенін де жасырмады. Кейін күйеуінің туыстары әкесіне барып, рұқсатын алған.
«Мен – 16 жасында тұрмысқа шыққан Абай Бегейдің қызымын. Күйеуге шығамын деп мүлде ойламадым. Күйеуімді қазір көпшілік жақтырмауы мүмкін, бірақ шындықты айтайын. Екеуміз сөйлесіп жүрген кезде ол мені алып қашып кетті. Бұл туралы бұған дейін әлеуметтік желіде айтқан жоқпын. Мені алып кеткеннен кейін оның үйінен қашып кеттім. Кейін олар әкеме келіп, рұқсатын алды. Қазір бұған еш өкінбеймін. Күйеуім екеуміз бірге түрлі қызықты сәттерді бастан өткеріп келеміз», – деді Сымбат Абайқызы.
Осылайша өнер иесінің қызы ерте тұрмыс құруының қалай болғанын алғаш рет ашық айтып, бүгінде қабылдаған шешіміне өкінбейтінін жеткізді.