$ 447.73
€ 502.98
₽ 5.35

Қазақстандық оқушылар Грекияда топ жарды: әлемнің 39 елінен келген үздіктерді басып озды

Редактор
05.10.2026, 15:18
дереккөз
дереккөз
Қазақстаннан барған тағы екі финалист те марапатсыз қалған жоқ

Қазақстандық оқушылар Грекияда өткен KGL Contest-2026 халықаралық ағылшын тілі олимпиадасында I және II орындарды жеңіп алды. Әлемнің 39 елінен оқушылар қатысқан додада Қазақстан атынан төрт финалист бақ сынады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

2–3 қазанда Грекияда өткен халықаралық финалда Алматы облысы Қаскелең қаласындағы «Немере» жекеменшік мектебінің оқушысы Жиенғали Ерасыл A1 деңгейі бойынша I орын иеленді. Ал Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Талғат Адель A2 деңгейінде II орын алды.

Қазақстаннан барған тағы екі финалист те марапатсыз қалған жоқ. Өскемендегі №10 мектеп-гимназиясының оқушысы Пятков Семен B2 деңгейінде, Семейдегі Экономика лицейінің оқушысы Мырзахмет Алхан B1 деңгейінде үздік нәтиже көрсеткені үшін мақтау қағазымен марапатталды.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық та қарастырылған. Жиенғали Ерасыл I орын үшін 500 доллар, ал Талғат Адель II орын үшін 300 доллар алады.

«Бұл жеңіс маған бір нәрсені түсіндірді: өзіңе сеніп, соңына дейін әрекет етсең, еңбегің міндетті түрде нәтижесін береді. Мен үшін бұл жай ғана орын емес, үлкен тәжірибе және өзіме деген сенімнің артқаны», – деді Жиенғали Ерасыл.

Ал Талғат Адель үшін жарыстағы ең үлкен қиындық тапсырмалардың күрделілігі емес, уақытты тиімді пайдалану болған.

Қазақстан KGL Contest олимпиадасына биыл екінші рет қатысып отыр. 2025 жылы Алматы оқушысы Дария Насимуллина B2 деңгейінде I орын иеленген болатын.

KGL Contest халықаралық олимпиадасының мақсаты – ағылшын тілін меңгерген дарынды оқушыларды анықтап, олардың тілдік және коммуникациялық қабілеттерін дамыту. Қазақстандағы олимпиаданың ұлттық үйлестірушісі – EDU Stream халықаралық тіл академиясы.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау