Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты іс-шара өтті, - деп хабарлайды
bairaqmedia.kz
Мерекелік жиынға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы қатысып, көпшілікті құттықтады.
Шара барысында тіл саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтар қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Алдымен тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Содан соң «Самғау» би ансамблі би билеп, өз өнерін көпшілікке паш етті.
Кеш барысында ұлттық өнеріміз ұлықталып, күмбірлеген күй мен әсем әннен шашу шашылды. Домбыраның қоңыр үні мен жас өнерпаздардың патриоттық әндері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ мен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің бірлесуімен өткен жиынға облыс және қала мәслихатының депутаттары, ғалымдар мен ұстаздар, тіл жанашырлары қатысты.
Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері, «Құрмет» орденінің иегері Бекарыс Шойбеков, Түркістан облысы мәдениет басқармасының бас маманы Гүлмира Исатай, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшы орынбасары Ерназар Баетов сөз алып, мерекеге орай жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де мерекеге атсалысты. Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зулпархан Чалданов пен Облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, республикалық «Қарашық» газетінің жауапты хатшысы Ілияс Мәжитұлы сөз сөйледі. Этнос жастары қазақ тілін ардақтап, өлең оқыды.
Айта кетейік, Тілдерді оқыту және дамыту орталығы 2011 жылдың 22 тамызынан бастап қызмет көрсетеді. Орталықтың басты мақсаты – өңір тұрғындарының тілдік құзыреттілігін арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және көптілді ортаны қалыптастыру. Оқу бағдарламалары қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгертуді қамтиды. Әр бағыт бойынша тыңдаушылардың жас ерекшеліктеріне, білім деңгейіне және қажеттіліктеріне сай курстар ұйымдастырылады.