$ 465.74
 531.08
 5.92

Алматы әуежайында қоғамдық тәртіп бұзған екі жолаушы рейске жіберілмеді

Редактор
24.07.2026, 18:21
Фото: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Фото: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Олардың бірі қоғамдық орында былапыт сөздер айтқан.

Алматы халықаралық әуежайында қоғамдық тәртіпті бұзған екі жолаушы Алматы – Астана бағытындағы әуе рейсіне жіберілмеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, әуе компаниясы өкілдерінің өтініші негізінде желілік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған екі азаматты ұшақ бортына өткізбеген.

Анықталғандай, құқық бұзушылардың бірі – Алматы қаласының 37 жастағы тұрғыны, екіншісі – Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны. Полицияның дерегіне сәйкес, екеуі де рейске тіркелу кезінде алкогольдік масаң күйде болған. Сонымен қатар, олардың бірі қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, тәртіп бұзған.

«Құқық бұзушылардың біріне қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ол дәл осындай құқық бұзушылықты қайталап жасағандықтан, жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов.

Ал екінші жолаушы бірден екі әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылды. Қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін оған 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл салынса, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін сот қосымша 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындады.