$ 465.74
 531.08
 5.92

«Сарбаздар құрылыста не істеп жүр?»: Қорғаныс министрлігі желідегі видеоға жауап берді

Редактор
24.07.2026, 17:33
Коллаж: bairaqmedia.kz
Коллаж: bairaqmedia.kz
Оқиға Әскери-техникалық мектепте болған. 

«Egov.press» Telegram-арнасында жарияланған сарбаздардың бейнематериалына қатысты ҚР Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

«Жарияланған бейнежазба екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінде Шымкент қаласындағы Әскери-техникалық мектеп тыңдаушыларының әскери техникамен тактикалық сабақтарға шығуы көрсетілген. Яғни, көліктегі бұл кадрлар бейнежазбаның екінші бөлігінде көрсетілген оқиғаларға қатысы жоқ. Екінші бөлігінде Шымкент қаласындағы Әскери-техникалық мектеп филиалының аумағында жоспарлы парк-шаруашылық күні барысында болған оқиғалар көрсетілген. Парк-шаруашылық күні – бекітілген аумақтар мен нысандарда тәртіп орнатуға, үй-жайларды тазалауға, техниканы күтіп-ұстауға, сондай-ақ басқа да шаруашылық-тұрмыстық жұмыстарды орындауға арналған күн», – деп жазылған ақпаратта.

Кадрлар Әскери-техникалық мектептің тыңдаушылары оқу орнының аумағын абаттандыру және күтіп-ұстау жұмыстарына қатысқан сәтте түсірілген.

«Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі аталған факт бойынша тыңдаушыларды көрсетілген жұмыстарға тартудың белгіленген тәртібінің сақталуын тексеру мақсатында қызметтік тергеп-тексеру тағайындады. Тексеру қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – делінген мәтінде. 

Еске салайық, 23 шілде күні әлеуметтік желіде сарбаздардың құрылыс алаңында жүрген видеосы тараған еді.