$ 447.73
€ 502.98
₽ 5.35

Тоқаев жеке бақылауына алды: Қорғаныс министрлігіндегі тексерістің алғашқы нәтижесі шықты

Редактор
05.10.2026, 17:55
Ақорда
Ақорда
Қазіргі уақытта қолбасшылық құрамның қылмыстық салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр

Қорғаныс министрлігіндегі кешенді тексерудің алғашқы нәтижелері жарияланды. Тергеу органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және басқа да заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғаған. Ал Маңғыстау облысындағы әскери жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты бес лауазымды тұлға қамауға алынды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайға кешенді тексеру жүргізіп жатқан комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева Мемлекет басшысына тексерістің негізгі бағыттары мен алғашқы қорытындыларын баяндады.

Жиында Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қазасына әкелген қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған бірқатар жүйелік проблеманы көрсеткені айтылды. Алдын ала тергеу әскери іс-шараларды жоспарлау барысында өрескел қателіктерге жол берілгенін және бұрынғы басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағанын анықтаған.

Трагедияның мән-жайын зерделеу кезінде оқу-жаттығуды дайындау мен жоспарлау, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында елеулі кемшіліктер анықталған.

Қазіргі уақытта қолбасшылық құрамның қылмыстық салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Тергеу аяқталғаннан кейін олардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға берілмек.

Сонымен қатар тексерістің бірінші кезеңінде Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердің қызметіндегі заң бұзушылықтар анықталған. Мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және өзге де фактілер бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды.

Комиссия әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарынан да кемшіліктер тапқан. Әскери қызметшілерге әлімжеттік көрсету және жарғы талаптарына қайшы әрекеттер фактілері анықталып, олар бойынша да қылмыстық істер қозғалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы кадрлық шешімдердің қабылданғанын атап өтіп, әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңға сәйкес жауапқа тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Президент бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Тексеру барысында енді әскери қызметшілердің қауіпсіздігі, қызмет өткеру жағдайы, тылдық қамтамасыз ету және жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмысына ерекше назар аударылмақ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау