Жетісу облысында халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды жалғасуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында аймақтағы емдеу нысандарының инфрақұрылымы жаңарып, заманауи талаптарға сай жабдықталып жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев облыс орталығы мен ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандарының құрылыс барысын бақытауда ұстайды.
Қазіргі күні Талдықорған қаласында медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында бір ауысымда 500 адамды қабылдауға қауқарлы жаңа емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Өткен жылдың қараша айында іргетасы қаланған нысанды ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жүз елуге жуық маман еңбек етіп, жұмысты уақытында аяқтау үшін аянбай тер төгуде.
Жоба жетекшісі Мейрам Демеуовтің айтуынша, бүгінде нысанның жалпы дайындығы 70 пайыздан асқан:
«Қазіргі таңда ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары атқарылып, қасбеттер қапталуда және витраждар әйнектеліп жатыр. Инженерлік желілерді монтаждау қарқынды жүруде, ал электр және сантехника жұмыстары толық аяқталды. Жақын арада іргелес аумақты абаттандыруды бастаймыз. Құрылыс толық біткен соң, мұнда ең заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылады».
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев бұл емхананың іске қосылуы қалалық емдеу мекемелеріне түсетін салмақты айтарлықтай азайтып, тұрғындардың кезек күтпей, уақытылы әрі сапалы көмек алуына жағдай жасайтынын атап өтті.
Сонымен қатар ауылдық аймақтардағы алғашқы санитарлық-медициналық көмектің сапасын арттыру – басты назарда. Бұған дейін Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Елтай ауылында жаңадан салынған ауылдық дәрігерлік амбулаторияға барған болатын.
Жаңа денсаулық сақтау нысаны салынғанға дейін жергілікті дәрігерлер ескі әрі тар ғимаратта қызмет көрсетіп келгендіктен, жаңа нысанның бой көтеруі ауыл жұртшылығы үшін үлкен қуаныш болды.
Жаңа амбулатория заманауи медициналық техникамен толық жабдықталған. Мұнда 1 білікті дәрігер, 5 медбике, 1 акушерка және басқа да техникалық қызметкерлерді қосқанда жалпы саны 13 маман тұрақты жұмыс істейді. Ең бастысы, ғимаратта күндізгі стационар қарастырылған. Енді ауыл халқы қарапайым ем-дом алу үшін аудан орталығына сабылып, уақыт пен қаражат шығындамайды.
Жұмыс кабинеттерін аралап көрген облыс әкімі құрылыс сапасына оң баға берді. Сонымен қатар, нысанды алдағы уақытта табиғи газға қосуды, ал қатты отынмен жылыту жүйесін баламалы жылу көзі ретінде сақтап қалуды тапсырды. Ауланы абаттандыру мен жасылдандыру жұмыстарына да ерекше назар аударылатын болады. Қазіргі таңда Елтай ауылындағы медициналық нысан қолданысқа толық дайын.