Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент бойынша департаменті білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісін тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚМА мәліметінше, 2018-2023 жылдар аралығында "Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі" ЖШС мен "Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі" ЖШС құрылтайшысы жалған оқыту схемасын ұйымдастырған.
"Қылмыстық схемаға колледж басшылары, бухгалтерлер және өзге де байланысы бар тұлғалар қатысқан. Азаматтар оқу орындарына формалды түрде қабылданғанымен, іс жүзінде білім алмаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы және кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік берген. Схема жалған оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы бұйрықтарды рәсімдеу, құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ орындалған жұмыстар туралы жалған актілер жасау арқылы жүзеге асырылған", - дейді ҚМА өкілі.
Сонымен қатар медициналық колледждің ақылы бөлімінде оқыған студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен білім алушылар ретінде рәсімделгені анықталды.