Маңғыстау облыстық мәслихатының экс-депутаты Ынташ Наурызова көпшіліктен көмек сұрап, тағы үндеу жасады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Экс-депутаттың айтуынша, ол мен әкім Нұрдәулет Қилыбайдың ортақ баласы бар.
«Адайдың қызымын, Қосайдың ұрпағымын. Өзімді басындырып қоюдан шаршадым, қанша мықты болуға тырыссам да қолымнан келмей жатыр. Қателігімді мойындадым. 3 жасар ұлым Әміренің құқығын қорғап жүрмін. 10 маусымда сотқа бердім, одан бері екі ай өтті, әлі еш нәтиже жоқ, ДНҚ да жасаған жоқпыз», - дейді экс-депутат.
Сондай-ақ ол баласының болашағына алаңдайтынын айтып, тегіне қатысты сөз қозғады.
«Ұлым кішкентай кезінде осы мәселенің бәрі бітсе екен деймін, есейгенде еш мәселе болмаса екен деймін. Баламның тегі болғанын қалаймын, тумаластарымен араласса жақсы болар еді. Баламның әкесінің ата-анасының еш жазығы жоқ, олар баласын осылай болсын деп тәрбиелемейді. Менде барар жер, басар тау қалмады. Көп сұрақтың жауабы жоқ», - дейді ашынған әйел.
Айта кетейік, аталған жағдайға қатысты Нұрдәулет Қилыбай бұған дейін, 2024 жылдың желтоқсан айында Orda.kz сайтына берген сұхбатында, жеке өміріне қатысты қауесеттерге ирониямен жауап берген болатын.
«Жарқырағанның бәрі алтын емес», — деген әкім бұл сөзді кімге арнағаны нақты түсініксіз күйде қалды.
Ынташ Наурызовамен арадағы ықтимал жеке қарым-қатынас жайлы сұраққа ол нақты жауап бермей, тек әлеуметтік желілерде жазылғанның бәрі шындыққа жанаспайтынын айтты.
Бүгінде дау жаңа кезеңге өткендей. Екі ай үзілістен соң, Ынташ Наурызова қоғамдық алаңға қайта шықты.
Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ. Қоғамда болса, бұл оқиғаға деген қызығушылық артып келеді.
Желі қолданушылары тарапынан түрлі пікірлер айтылып жатыр: бірі әкімді қолдаса, енді бірі экс-депутаттың сөзін жақтап отыр.