Атырауда төрт адамның өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде негізгі айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Соттағы сөзінде ол жасаған әрекеті үшін жауапкершіліктен қашпайтынын айтып, жан түршігерлік оқиғаға отбасындағы ұзаққа созылған жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын жеткізді.
«Мен жасаған қылмыстарым үшін жауапкершілікке дайынмын. Қандай жаза болса да, мейлі өмір бойына бас бостандығымнан айыру болсын, мейлі өлім жазасы болсын қабылдаймын. Менің әрекетім – менің отбасыма және маған қарсы, отбасымды бұзуға бағытталған әрекеттерге берген жауабым», – деді айыпталушы.
Оның айтуынша, жұбайымен 10 жыл отасып, бес бала тәрбиелеп отырған. Алайда әйелінің туыстары олардың арақатынасына жиі араласқан көрінеді.
«Олар балалар “сенде де, сенің ата-анаңда да қалмайды” деп айтатын. Өз балаларымның өзімді боқтауы мені осындай қылмысқа итермеледі. Балаларымды пайдаланып, маған қысым көрсетті, ар-намысыма тиді», – деді Сәрсемәлиев.
Сондай-ақ ол отбасын сақтап қалу үшін соңына дейін күрескенін айтты.
«Мен балаларымды анасынан да, әкесінен де, бағып-өскен туған әжесінен де айырғым келген жоқ. Ең соңғыс сәтте отбасымды сақтап қалуға деген барлық әрекетім таусылды. Олардың сөзі мен әрекеті мені ақылымнан алжастырып, жүйкемді жұқартып, адамдық болмысымды күйретіп, өзімді ұстай алмайтын жағдайға жеткізді. Моральдық әрі психологиялық тұрғыда қатты шаршадым. Содан кейін осы қылмысқа бардым», – деді айыпталушы.
Атыраудағы төрт адамның қазасына қатысты алғашқы сот отырысы аяқталды. Келесі сот процесі 28 мамыр күні сағат 10:00-де жалғасады.