Ұлт руханиятының алыбы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов бейнеленген сирек фотосурет табылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Көпшілікке бұрын беймәлім болып келген бұл тарихи кадрда қаламгердің қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны — тоғызқұмалақ ойнап отырған сәті көрініс тапқан.
Бұл фото тек бір тұлғаның бейнесі ғана емес, қазақ мәдениеті мен ұлттық мұрасының терең байланысын айғақтайтын құнды дерек. Суреттен Мұхтар Әуезовтің ұлттық өнер мен дәстүрге деген жақындығын, халқымыздың интеллектуалдық құндылықтарына деген құрметін аңғаруға болады.

Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің айтуынша, фотосурет 1950 жылы түсірілген. Қазіргі таңда суреттің түпнұсқасы мен түсірілген орнына қатысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
“Бұл жаңалықтың маңызы тоғызқұмалақ әлемі үшін де, тұлғалардың бойындағы мәдени сабақтастықты қалыптастыру үшін де, әуезовтану әлемі үшін де, жалпы зерттеулер үшін де өте маңызды. Әрине біз Мұхтар Әуезовтің тоғызқұмалақ ойнын қайта жандандыруға қосқан үлесін білетінбіз. Кеңестік идеология қысымымен, жалпы ұлттық руханият, соның ішінде тоғызқұмалақ жоғалып кетер тұста Мұхтар Омарханұлы мен Қалибек Қуанышбаев бастап, ойынның ережелерін қайта жаңғыртып, жарыстар өткізген. Енді осының бейне дәлелі табылып отыр. Бұған дейін құжаттардан білдік те, біз айтып отырған суреті болмап еді”,– дейді Әлихан Бәйменов.
Ойыншылардың аты бейнеленген фотосуретте Мұхтар Әуезов, оның тоғызқұмалақтағы қарсылас ойыншысы және түрегеліп тұрған бақылаушы мен тоғызқұмалақ тақтасы бейнеленген. Ойын барысында тараптардың ойланып отырған сәттегі фотобейненің астына “1950 жыл” деп белгі қойылған.

“Бұл фотосурет үшін “Алматыкітап” баспасының қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Сондағы тоғызқұмалақ жанашырлары осы бейнесуретті тауып, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті, Binom мектептер желісінің басшысы Шолпан Қадыроваға хабарласып, сүйіншілеген. Мұның біздің қолымызға тигеніне екі-үш күн ғана болды”,– дейді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов.
Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында тоғызқұмалақ ардагерлері арасында республикалық турнир өтіп жатыр. Еліміздің барлық өңірінен жүздеген тоғызқұмалақ қайраткерлері мен ардагерлері жиналған шараның ашылу салтанатында белгілі спорт журналисі, Алматы облысының құрметті азаматы, Тәуелсіз Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының тұңғыш президенті, биыл 75 жас мерейтойын атап өтіп жатқан Несіп Жүнісбайұлына осы фотосурет естелік ретінде сыйға берілді.
Тоғызқұмалақ — халқымыздың ғасырлар бойы жалғасқан зияткерлік мұрасы. Ал оны Мұхтар Әуезов секілді ұлы тұлғаның ойнап отырған сәті ұлттық тарихымыз үшін ерекше жаңалық. Алдағы уақытта фотосуретке қатысты тың мәліметтер мен зерттеу нәтижелері жарияланатын болады.