Күнделікті тіршілікте біз «құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік» саясатының мәніне, оның қоғамдағы құндылықтарды қалыптастырудағы рөліне немесе «Заң және тәртіп» қағидатының мемлекеттік басқарудағы маңызына жиі терең үңіле бермейміз. Сол сияқты халықаралық тәжірибелер, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары, цифрландыру мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктері және бұл бағыттың ұзақ мерзімді даму перспективасы да көпшілік үшін әрдайым ашық тақырып емес. Осыған орай тілшіміз заң ғылымдарының магистрі Нұрғазы Әнуарбековпен әңгімелесіп, осы мәселелердің мән-жайын тарқатып көрді.
– Нұрғазы Сәкенұлы, алдымен құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік саясаты қоғамда қандай құндылықтарды қалыптастыратынын атап өтіңізші.
– Жалпы, нөлдік төзімділік дегеніміз – қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа, тіпті ең ұсақ заң бұзуға да көз жұма қарамау, міндетті түрде шара қолдану деген ұстаным. Бұл саясат адамдардың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, белгілі бір нормаларды қалыптастырады. Ең алдымен, ол заңға деген құрметті күшейтеді. Адамдар кез келген құқық бұзушылықтың жазасыз қалмайтынын түсінсе, заңды сақтау қалыпты нәрсеге айналады. Сонымен бірге жауапкершілік сезімі артады. Әркім өз әрекетінің салдары бар екенін түсініп, тәртіпке саналы түрде бағына бастайды.
Осының бәрі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтады. Ұсақ құқық бұзушылықтардың өзіне жол бермеу – жалпы құқықтық мәдениетті көтеріп, ірі қылмыстардың алдын алуға ықпал етеді. Тағы бір маңызды тұсы – әділдікке деген сенім. Егер заң бәріне бірдей қолданылса, адамдарда «заң барлығына ортақ» деген түсінік қалыптасады.
Бірақ мұнда бір маңызды нәрсе бар – теңгерім. Шамадан тыс қатаңдық немесе ұсақ құқық бұзушылықтар үшін ауыр жаза қолдану керісінше қоғамда наразылық тудыруы мүмкін. Сондықтан нөлдік төзімділік тек жазалау емес, алдын алу, түсіндіру, тәрбиелеу жұмыстарымен қатар жүруі керек. Қысқасы, бұл саясат тәртіп, жауапкершілік, заңға құрмет сияқты құндылықтарды қалыптастырады. Бірақ оны әділ әрі сауатты қолдану өте маңызды.
– «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттік басқаруда қандай рөл атқарады?
– Бұл – мемлекеттік басқарудың ең негізгі тіректерінің бірі. «Заң және тәртіп» болмаса, жүйе де дұрыс жұмыс істемейді, қоғам да тұрақты дамымайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бұл қағидатты мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде атап өтуі бекер емес. Қазір бұл ұстаным Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Негізі, бұл қағидат ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Заң үстемдігі бар жерде әр адам өз құқығын қорғай алады. Бұл өз кезегінде мемлекетке деген сенімді арттырады.
Тағы бір маңызды жағы, биліктің заңдылығы. Егер барлық шешім заңға сүйеніп қабылданса, басқару жүйесі ашық әрі түсінікті болады. Ал бұл тұрақтылық пен қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, «заң және тәртіп» сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да ықпал етеді. Ережелер нақты болып, олар қатаң сақталса, заңсыз әрекеттерге жол азаяды. Яғни бұл қағидат тек бақылау немесе жазалау құралы емес. Ол – тиімді басқарудың, әділдіктің және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімнің негізі.
– Нұрғазы Сәкенұлы, бұл бағыт азаматтардың құқықтық мәдениеті мен санасына қалай әсер етеді?
– Заңның үстемдігі қоғамға тікелей әсер етеді. «Заң және тәртіп» қағидаты адамдардың құқықтық мәдениетін де, санасын да өзгертеді. Мысалы, заң бәріне бірдей қолданылып, тұрақты сақталса, адамдар оны жай талап емес, өмір нормасы ретінде қабылдай бастайды. Бұл – заңға құрметтің қалыптасуы.Сонымен бірге адамдар өз құқықтары мен міндеттерін жақсырақ түсінеді. Қайсы әрекет заңды, қайсысы заңсыз екенін ажырата алады. Бұл саналы азаматтық позицияның қалыптасуына алып келеді.
Тағы бір маңызды өзгеріс – жауапкершілік. Адамдар өз әрекеттерінің салдарын түсініп, құқық бұзбауға тырысады. Яғни тәртіп сырттан емес, адамның ішкі ұстанымына айналады. Сондай-ақ заң бәріне бірдей жұмыс істесе, адамдарда әділдікке деген сенім пайда болады. Бұл қоғамдағы келісімді нығайтады.
– Қазіргі Қазақстанда азаматтардың мемлекетке және құқық қорғау органдарына деген сенімі қалай өзгерді?
– Бұл сұрақтың жауабы біржақты емес. Азаматтардың мемлекетке және құқық қорғау органдарына деген сенімі тікелей «заң мен тәртіп» қағидатының қалай жүзеге асырылып жатқанына байланысты. Егер заң бәріне бірдей қолданылып, құқық бұзушылықтарға жедел әрі әділ жауап берілсе, мемлекеттік органдар ашық әрі есепті болса, әрине, қоғамдағы сенім артады. Мұндай жағдайда адамдар мемлекетті қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әділ институт ретінде қабылдайды.
Ал керісінше жағдайлар да бар. Мысалы, заң таңдамалы түрде қолданылса немесе құқық қорғау органдары өз өкілеттігін асыра пайдаланса, азаматтардың құқықтары толық қорғалмаса – онда қоғамда әділетсіздік сезімі пайда болады. Бұл сенімнің төмендеуіне алып келеді. Қазір бізде осы екі үрдіс қатар жүріп жатыр деуге болады. Бір жағынан, тәртіп пен қауіпсіздік күшейген сайын сенім де артып келеді. Екінші жағынан, жекелеген әділетсіздік жағдайлары кері әсерін тигізеді. Сондықтан ең бастысы – тепе-теңдік. Яғни тек қатаң тәртіп орнату жеткіліксіз, сонымен бірге әділдік, ашықтық және азаматтардың құқықтарын қорғау қатар жүруі тиіс.

– Нұрғазы Сәкенұлы, «нөлдік төзімділік» саясаты қандай елдерде тиімді жүзеге асырылды?
– Жалпы, бұл саясат барлық елде бірдей нәтиже береді деу дұрыс емес. Әр мемлекеттің өз ерекшелігі бар. Бірақ белгілі бір кезеңдерде тиімді нәтиже көрсеткен елдер бар. Мысалы, АҚШ, Сингапур, Жапония, Германия жиі айтылады. Бірақ мұнда бір маңызды нәрсені түсіну керек: табыс тек қатаңдықтың арқасында емес, жүйелі реформалар мен әлеуметтік саясаттың қатар жүруіне байланысты.
Жапонияны алсақ, онда заң қаталдығымен қатар, қоғамдағы тәртіп, мәдениет, өзара құрмет өте жоғары деңгейде. Соның нәтижесінде құқық бұзушылық деңгейі төмен. Ал Германияда «нөлдік төзімділік» дәл сол атаумен қолданылмаса да, заңның бұлжымай орындалуы, алдын алу шаралары, әлеуметтік қолдау жүйесі жақсы жолға қойылған. Яғни бұл елдердің тәжірибесі бір нәрсені көрсетеді: нәтиже тек жазалаумен емес, кешенді тәсілмен келеді.
– Нью-Йорк пен Сингапур тәжірибелері қандай сабақ береді?
– Бұл екі тәжірибе өте қызық, өйткені екеуі екі түрлі модельді көрсетеді. Нью-Йоркте 1990-жылдары «сынған терезелер теориясы» енгізілді. Яғни ұсақ құқық бұзушылықтарды дер кезінде тоқтатпаса, ол үлкен қылмыстарға алып келеді деген түсінік болды. Соған сәйкес полиция жұмысы күшейтіліп, ұсақ заң бұзушылықтарға да қатаң әрекет етілді. Нәтижесінде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бірақ бұл саясатқа сын да айтылды. Кей жағдайда әлеуметтік теңсіздік мәселелері күшейіп, азаматтық құқықтарға қатысты сұрақтар туындады.
Ал Сингапур мүлде басқа жолды таңдады. Мұнда нөлдік төзімділік тек жазалау емес, бүкіл мемлекеттік басқарудың философиясына айналған. Заңдар нақты, қатаң және бәріне бірдей қолданылады. Сонымен қатар жемқорлық деңгейі төмен, мемлекеттік жүйе тиімді жұмыс істейді, алдын алу мен тәрбиеге де үлкен мән беріледі. Сингапур тәжірибесі көрсеткендей, ең маңыздысы адамдар заңды тек жазадан қорқып емес, саналы түрде құрметтеуі. Екі тәжірибені салыстырсақ, ортақ қорытынды бар: заң бәріне бірдей қолданылуы керек, қоғамның сенімі маңызды және алдын алу шаралары міндетті түрде болуы тиіс.

– Нұрғазы Сәкенұлы, азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруда бұл саясаттың рөлі қандай?
– Бұл саясаттың әсері өте кең. Ол тек тәртіп орнатумен шектелмейді, адамдардың ойлауына, мінез-құлқына әсер етеді. Ең алдымен, адамдар заңның міндетті екенін түсінеді. Яғни құқық бұзушылықтың жазасыз қалмайтынын көрген адам заңды елемеуге болмайтынын ұғынады. Уақыт өте келе бұл сыртқы бақылаудан ішкі сенімге айналады. Яғни адам заңды қорыққаннан емес, түсінгеннен сақтайды. Сонымен қатар бұл саясат жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады. Адамдар өз әрекеттерінің салдарын түсініп, саналы түрде дұрыс әрекет жасауға тырысады. Егер бұл саясат дұрыс, теңгерімді жүзеге асса, ол қоғамдағы құқықтық мәдениетті жаңа деңгейге көтере алады.
– Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға әсері қандай?
– Бұл саясат жастар үшін өте маңызды. Өйткені ол ерте кезеңнен бастап тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырады. Ұсақ құқық бұзушылықтардың өзіне назар аудару жазасыздық сезімінің пайда болуына жол бермейді. Жастар өз әрекеттерінің салдарын ертерек түсіне бастайды.
Сонымен қатар бұл тәртіп дағдыларын қалыптастырады, қоғамдық ортадағы қауіпсіздікті арттырады. Әсіресе мектептер мен қоғамдық орындарда бұл өте маңызды. Бірақ мұнда да шектен шықпау керек. Егер саясат тым қатал болса немесе тек жазалауға негізделсе, жастарда керісінше қорқыныш, қарсылық, сенімсіздік пайда болуы мүмкін. Сондықтан тәрбие, түсіндіру, әлеуметтік қолдау шаралары қатар жүруі керек. Сонда ғана нәтиже болады.
– Цифрландыру мен заманауи технологиялар бұл бағытта қалай көмектеседі?
– Қазір технологияның мүмкіндігі өте үлкен. Құқық бұзушылықтың алдын алуда да бұл жақсы құрал болып отыр. Мысалы, бейнебақылау жүйелері, «ақылды қала» жобалары қоғамдық тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді. Камералар күдікті әрекеттерді ерте анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар Big Data, жасанды интеллект арқылы қай жерде қауіп жоғары екенін алдын ала болжауға болады. Соған сәйкес шаралар қабылданады. Практикада да нәтижесі көрініп жатыр. Мысалы, жол ережесін сақтау деңгейі артты, көшеде қоқыс тастау сияқты ұсақ құқық бұзушылықтар азайды. Жалпы, цифрландыру қауіпсіз қоғам қалыптастыруға нақты үлес қосып отыр.
– Ұзақ мерзімді перспективада бұл саясат қоғамға қандай әсер береді?
– Ұзақ мерзімде бұл саясат өте үлкен әсер береді деп айтуға болады. Ең алдымен, заң үстемдігі нығаяды. Заң бәріне бірдей қолданылып, қоғамда тәртіп пен тұрақтылық қалыптасады. Сонымен қатар адамдар заңды мәжбүрліктен емес, саналы түрде сақтай бастайды. Бұл – жоғары құқықтық мәдениеттің белгісі.
Экономикаға да әсері бар. Заң айқын әрі әділ болса, инвесторлар үшін де, кәсіпкерлер үшін де сенімді орта қалыптасады. Сыбайлас жемқорлық азаяды, мемлекеттік институттарға деген сенім артады. Ал сенім – кез келген қоғамның тұрақтылығының негізі.
Бірақ тағы да қайталап айтамын: бәрі теңгерімге байланысты. Егер бұл саясат тек қатаңдыққа негізделсе, керісінше кері әсер беруі мүмкін. Ал егер әділдік, ашықтық, адам құқықтары сақталса, онда бұл идеология қоғамды тәртіпті, жауапты және тұрақты дамитын деңгейге жеткізеді.
– Әңгімеңізге рахмет!