Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы таудың болашағына, экожүйесіне, қауіпсіздігі мен экотуризмнің дамуына арналған баспасөз конференциясы болып өтті. Халықаралық таулар күніне орай өткен брифингке Туризм басқармасының мамандары, альпинист-құтқарушылар мен РММ «Қазгидромет» өкілдері қатысты. Синоптиктер Іле Алатауындағы климаттың қалай өзгеріп жатқанын, қазір қандай табиғи қауіптің өзекті болып отырғанын, ауа райы мен қар көшкінінің қаупі туралы нақты ақпаратты туристердің қайдан, қалай ала алатынын да айтып берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
РММ «Қазгидромет» мәліметінше, Алматының таулы өңірінің климаты да өзгеріп келе жатыр. БАО мен Мыңжылқы метеостанциясындағы 1961–2024 жылдарғы бақылаудың талдауы температура көрсеткішінің тоқтаусыз өсіп келе жатқанын көрсеткен. Әсіресе қыс мезгілі мен өтпелі кезеңдер баяғыдай емес, жылы болып жүр. Бұл өзгерістер бүкіл Солтүстік Тянь-Шань бойынша байқалатын жалпы тенденциямен үйлеседі, мұнда температура он жыл сайын орта есеппен 0,1–0,2 °C-қа көтеріледі (ғылыми жарияланымдарға сәйкес).
Жауын-шашынның статистикасында нақтылық болмағанымен, олардың да құрылымы өзгеріп барады: қыс пен күзде жауын-шашынның мөлшері артқанымен, жылдар бойғы жағдай өзгермелі болып қалып отыр. Климаттың өзгеруі мұздықтарға әсер етеді. Ауа температурасының жоғарылауы, жаңбыр басым бола бастауы мен қардың бұрынғыдай емес жылдам еруі соған дәлел.
«Қазгидромет» мамандары таулы аймақтардағы күн райын қалай болжайтындарын да түсіндірді. Синоптиктер оған жерүстін бақылауды, автоматты станциялардың дерегін, спутниктің суретін, аэрологиялық зондтауды, сондай-ақ WRF және ECMWF болжамдық модельдерін пайдаланады. Модельдік есептеулер тау климатының жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, қолмен түзетіледі, бұл биік таудағы аяқ асты болған өзгерістерді дәлірек болжап отыруға мүмкіндік береді.
Алматының тауларына тән негізгі табиғи қауіп - ауа райының күрт өзгеруі, қардың қалың жауып, тұман түсіп, желдің күшеюі мен көктайғақ. Қардың жаууы мен жел екпінін болжау оңайлау болғанымен, тұман мен көктайғақты болжап білу қиын.
Дегенмен, синоптиктер олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайды алдын ала анықтап, дауылды ертерек ескертуге тырысады. Сапарға шығуды жоспарлаған туристер ақпаратты бірнеше ресми көзден ала алады. РММ «Қазгидромет» сайтында Алматы қаласы бойынша қысқа мерзімді (1–3 күн), орта мерзімді (1–10 күн) ауа райы болжамдары, облыс аумағына арналған айлық және маусымдық консультативтік болжамдар, сондай-ақ туристік аймақтарға - Медеу, Шымбұлақ, БАО, Мыңжылқы мен басқа да бағытқа арналған арнаулы болжамдар жасалады.
Ескертулер бөлімінде қауіпті құбылыстар туралы хабарламалар жарияланып отырса, «Darmen» мобильді қосымшасы дауылды ескертіп, қар көшкіні қаупі мен 112 қызметінің деректері туралы хабарлама жіберіп отырады.
Брифингте қар көшкіні қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Шымбұлақ пен БАО-дағы екі станцияда қар көшкінін үнемі бақылап отырады. Қар көшкінінің қаупі артқанда Кіші және Үлкен Алматы өзенінің маңындағыларды сақтандырып, мәліметті жедел түрде ТЖ департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесіне жеткізеді.
Ең қауіпті көшкін аймақтары Іле Алатауының солтүстік беткейі - Кіші және Үлкен Алматы, Түрген, Қотырбұлақ өзенінің алаптары мен Қаскелеңнің таулы жағында орналасқан. Брифингке қатысқандар климаттық қауіп күшейіп, таудағы туризм танымал бола бастаған қазіргі уақытта қауіпсіздікке, уақытылы ақпараттандыру мен тау табиғатына жауапкершілікпен қарауымыз керек екенін айтты.