Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында Алматыда жүйелі жұмыс жалғасын табуда. Мамандар, әсіресе, жастарды адалдыққа, заң аясында әрекет етуге барынша үгіттеуде. Осы мақсатта бүгін «ALT Педагогикалық колледжі» ЖШС-де кездесу өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және алдын алу мақсатында студенттерді толғандыратын мәселелер бойынша толық ақпарат берілді. Жемқорлыққа қатысты алаңдаушылық тудыратын жағдайлардан мысалдар келтіріліп, дұрыс шешім қабылдау жолдары түсіндірілді.
Өз кезегінде студенттер сұрақтар қойып, бүгінгі күнгі өзекті жайттар және оған қатысты заң нормалары туралы мәлімет алды.
Жемқорлықты түп тамырымен жою туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді.
Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу – аса қажетті жұмыс. Бұған еш күмән жоқ. Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жолында ең озық халықаралық стандарттарды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізіп жатқан талаптарды басшылыққа алады. Бұл – өте жоғары талап, біз соған сай болуымыз керек. Бұған қоса, мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты мекеменің басшыларына науқаншылдыққа салынбай, байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр, - деді Президент жыл басында "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беруді дамытып, мемлекеттік қызметтің этикалық стандарттарын арттырып жатыр. Ол оқушылар, студенттер мен мемлекеттік қызмет саласында жүргізілмек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында «Адал ұрпақ», «Адал білім», «Саналы ұрпақ» сияқты жобалар енгізіліп жатыр. Бұлар заңды құрметтеп, адал, жауапты болу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Студенттер мен оқушылар сыбайлас жемқорлыққа жол беретін нәрселерді анықтауға арналған интерактивті тренингтер мен практикалық сабақтар оқиды.
Екінші маңызды бағыт – мемлекеттік қызметтің этикалық нормаларын нығайту. Этика кодексі мемлекеттік қызметшінің азаматтармен, әріптестермен қарым-қатынасы мен шешім қабылдау кезіндегі әрекетін реттейтін күнделікті өмірде қолданатын құрал болып қалмақшы. Мүдделер қақтығысына жол бермеу, процестердің ашықтығы мен қызметтік қарым-қатынас мәдениетін дамыту жағына да ерекше назар аударылып отыр.