Қызылордада “Болашақ” медициналық колледжінің жатақханасында 1-курс студенті көз жұмды. Марқұмның ата-анасы ұлдарының әлімжеттіктің құрбаны болғанына сенімді. Олардың айтуынша, жоғарғы курста оқитын бірнеше студент 16 жастағы Нұрдәулет Мырзалыны ұрып өлтіріп, мәйітін жасырмақ болған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Фельдшер мамандығы бойынша білім алып жүрген Нұрдәулет Мырзалы колледж жатақханасында көз жұмған. Ата-анасының айтуынша, 16 жастағы жеткіншекті 3-курс студенттері түн ішінде жабылып ұрып-соққан. Қайғыдан қан жұтқан отбасы сол түні балаларға бас-көз бола алмаған қызметкерлерді кінәлайды.
Марқұмның әкесі жоғарғы курс студенттері өзінен кіші шәкірттерді жатақхананың фитнес залына апарып әбден азаптағанын айтады.
“Сол жерде ұрған жерде кеткен ғой бала. Олар скорыйды уақытында шақырмаған. Может шақырған уақытында үлгеріп қалар ма еді. Олар баланы алып шыққан да өзінің комнатасына апарған. Одан вахтершаға түсірген дейді”, – дейді марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаев.
Марқұмның туыстары студенттер қылмысты жасыруға тырысты деп есептейді. Олар жатақханада тәртіптің жоқ екенін, әлімжеттіктің жиі болатынын енді естіп жатқанын айтты.
“Подвалдан екінші этаждағы комнатасына алып бара жатқан кезде біреу көріп шыңғырған. Қанмен бүйтіп сүйреп алып бара жатқан. Сосын оны көріп комнатасына тығып қойған. Сосын февраль айында осындай бір бала тоже осындай болғанда өлген ол. Ол өлгенде кешірім берген де, сонымен жауып тастаған”, – дейді марқұмның әпкесі Римма Елеусізова.
Колледж басшылығы студенттердің тәртібіне бақылау жасай алмаған бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді. Қазір қызметтік тексеріс басталған.
“Тап қазір колледж ішілік тексеру жүргізіліп жатыр. Сырттан да тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар біраз адам жауапқа тартылып жатыр. Әлімжеттік ешқандай болған жоқ. Не болды, не қылды тыныштық па дедім. Ақша сұрады ма дедім. Жоқ апай, ондай ештеңе болған жоқ. Сыйламай кеттің деп жай жұдырықпен неғылғанда мұндай боларын білмедік деді”, – дейді “Болашақ” жоғары медициналық колледжі директорының орынбасары Гүлмира Өтеулиева.
Полиция “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабымен іс қозғап, күдікке ілінген бір студентті қамауға алған. Алайда марқұмның туыстары жеткіншекті ұрып-соққан өзге балалар мен қауіпсіздікке салғырт қараған қызметкерлер де заңмен жазалануы керек деп санайды.
Айта кетейік, үйінің тұңғышы Нұрдәулет Мырзалы ақ халатты абзал жан атанып, ата-анасына қамқор болуды армандаған.