Қазақстанның халықаралық бітімгершілік қызметі соңғы жылдары елдің сыртқы саяси бейнесін айқындайтын маңызды құралдардың біріне айналды. БҰҰ аясындағы миссияларға қатысу арқылы республика тек қауіпсіздік саласында ғана емес, дипломатиялық бағытта да өз позициясын күшейтіп келеді.
Белгілі саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев бұл бағыттың мәні әскери нәтижеден гөрі халықаралық беделмен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Қазақстанның бітімгершілік қызметі ең алдымен әскери міндеттен гөрі дипломатиялық және имидждік құрал ретінде маңызды. Біздің әскери қызметшілер Таяу Шығыс сияқты күрделі аймақтарда тәжірибе жинақтайды. Мәселен, Ливандағы миссияларға қатысқан азаматтар нақты операциялық ортада шыңдалып келеді. Сонымен қатар бұл мемлекеттің халықаралық беделін арттыратын фактор. Қазақстан БҰҰ аясында тек өз қауіпсіздігін ғана емес, халықаралық құқық нормаларының сақталуына мүдделі екенін көрсетіп отыр. Сондықтан бітімгершілік миссиялар ұзақ мерзімді перспективада елдің халықаралық имиджін қалыптастыруға жұмыс істейді», – деді ол.
Ресми деректер бұл пайымды растайды. Қазақстанның сыртқы саяси құрылымдары жариялаған мәліметтерге сәйкес, БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қатысу елдің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған сыртқы саясатының маңызды бөлігі саналады. Қорғаныс министрлігі жанындағы Бітімгершілік операциялар орталығы – KazCent 2019 жылдан бері БҰҰ стандарттарына сай оқу курстарын өткізіп келеді. 2023-2024 жылдары бұл курстардан Ұлыбритания, Канада, Франция, Жапония, Иордания, Өзбекстан және өзге елдерден келген ондаған шетелдік бітімгер өткен. Бұл Қазақстанның тек әскери контингент жіберуші емес, халықаралық деңгейде кадр даярлайтын орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері бұл бағыттың институционалдық маңызына ерекше тоқталады.
«Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысу арқылы халықаралық қауіпсіздікке нақты үлес қосып келеді. KazCent базасында халықаралық стандарттарға сай бітімгерлер даярланып жатыр. Бұл орталық тек ұлттық кадрларды емес, шетелдік әскери қызметшілерді де оқытатын алаңға айналды. Мұндай тәжірибе Қазақстанның халықаралық әріптестік әлеуетін арттырады», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Қазақстанның бітімгершілік рөлі 2024 жылы жаңа кезеңге өтті. БҰҰ мәліметінше, сол жылы 14 ақпанда Қазақстан Нью-Йоркте ұйыммен меморандумға қол қойып, Голан жоталарындағы UNDOF миссиясына тұңғыш рет өз ұлттық туы астында дербес әскери контингент жіберу туралы шешім қабылдады. Ресми ақпаратқа сәйкес, 139 бітімгер, оның ішінде әйел әскери қызметшілер де, миссия аймағына жөнелтілді.
Бұл қадам Қазақстанның бітімгершілік саясатындағы сапалы өзгерісті көрсетті. Бұған дейін республика БҰҰ миссияларына көбіне әріптес елдердің құрамында қатысып келсе, енді дербес ұлттық бөлімше ретінде танылып отыр.
БҰҰ-ның 2026 жылғы дерегіне сәйкес, Қазақстанның бітімгершілік операциялардағы жалпы контингенті 150-ден астам әскери қызметшіні құрайды. Олардың басым бөлігі Голан жоталарындағы миссияда қызмет етеді. Сонымен қатар қазақстандық әскери қызметшілер Батыс Сахарадағы MINURSO және Ливандағы UNIFIL миссияларына да қатысып келеді. Бұл елдің бітімгершілік қызметі бір ғана аймақпен шектелмейтінін аңғартады.
Халықаралық сарапшылар да Қазақстанның бұл бағытын оң бағалайды. Washington-based талдаушы Wilder Alejandro Sánchez Қазақстанның бітімгершілік бастамалары оның сыртқы саяси стратегиясының маңызды элементіне айналғанын айтады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның бітімгершілік қызметі көлем жағынан ірі державалармен салыстырғанда шағын болғанымен, оның сапалық және саяси маңызы жоғары. Әсіресе дербес контингент жіберу тәжірибесі елдің халықаралық жауапкершілігін арттыра түседі.
Осылайша, Қазақстанның әлемдегі бітімгершілік рөлі бірнеше деңгейде көрініс табады. Бір жағынан, бұл әскери қызметшілердің кәсіби тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін алаң болса, екінші жағынан, БҰҰ аясындағы қатысу арқылы ел халықаралық құқық пен қауіпсіздік жүйесінің белсенді мүшесі ретінде танылады. Ал үшіншіден, бұл бағыт Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының маңызды элементіне айналып, оның халықаралық беделін нығайтуға қызмет етіп отыр.