Қазақстандықтар негізін қалаған Nace.AI стартапы АҚШ-тағы Big4 компанияларының бірімен ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.
Компания бұл келісім Nace.AI әзірлемелерінің халықаралық нарықта сұранысқа ие екенін көрсететінін мәлімдеді.
– Біз олармен жұмысқа кірістік және NDA құжатына қол қойдық. Бірақ бұл компанияның Big4 құрамына кіретінін әрі келісімшарттың ұзақ мерзімге жасалғанын айта аламыз. Стартапымызды әлемнің озық компаниялары таңдағанына қуаныштымыз. Біз стратегиялық тәсіл мен іргелі ғылымға басымдық береміз, – деді Nace.AI компаниясының басшысы Бақытжан Дос.
Nace.AI жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін және нақты бизнес-нәтиже беретін мамандандырылған тілдік модельдер әзірлейді.
Жүйе үлкен көлемдегі деректерді талдап, негізгі көрсеткіштер мен ықтимал тәуекелдерді анықтайды.
Компания мәліметінше, олардың шешімдері клиенттердің тапсырмаларды орындау уақытын шамамен 20 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Стартап іргелі ғылым мен инженерлік тәжірибені біріктіруге басымдық береді.
Компания жалпы мақсаттағы шешімдерге қарағанда нақты қолданбалы міндеттерде жоғары дәлдік көрсететін ықшам мамандандырылған модельдер әзірлеуге бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін Nace.AI халықаралық инвесторлардан 21,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан.
Қазіргі уақытта стартап ауқымын кеңейтіп, жаңа мамандарды жұмысқа қабылдап жатыр.
Компания Орталық Азиядан шыққан дарынды мамандар мен ұзақ мерзімді жобаларға қызығушылық танытатын кәсіби кадрларды іздейтінін мәлімдеді.