Қазақстанның өңірлік экономикасында жаңа бетбұрыс байқалды. Жан басына шаққандағы өндіріс көлемінен мұнайлы өңірлер әлі де алда. Бірақ бұл жолы ел экономикасының өсіміне ең үлкен серпін берген өзге өңірлер болды. Демек, ағашқы тоқсанның қорытындысы өңірлердің экономикалық рөлі өзгеріп келе жатқанын көрсетіп отыр, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросы жариялаған 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 34,1 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экономика нақты мәнде 3 пайызға өсті. Алайда осы нәтижеге әр өңірдің қосқан үлесі бірдей емес. Бір аймақтар өндіріс көлемі жоғары болғанымен өсімді баяулатса, енді бір өңірлер экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды.
Экономиканың салмағы мегаполистерге ойысты
Алғашқы тоқсан қорытындысы Қазақстан экономикасының құрылымында ірі қалалардың ықпалы жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жалпы ішкі өнімнің өсіміне Алматы қаласы 1,05 пайыздық тармақ, ал Астана 1,02 пайыздық тармақ үлес қосты. Басқаша айтқанда, республикадағы жалпы өсімнің үштен екісінен астамы осы екі мегаполистің есебінен қамтамасыз етілді.
Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Елдегі қаржы институттарының, сауда орталықтарының, қызмет көрсету саласының және ірі бизнестің басым бөлігі дәл осы қалаларда шоғырланған. Соның нәтижесінде экономикалық белсенділік те мегаполистерде жоғары қалыптасып отыр.
Жалпы ішкі өнім құрылымына қарасақ, Алматының үлесі – 22,1 пайыз, Астананыкі – 12,5 пайыз, ал Атырау облысына – 9,3 пайыз тиесілі. Яғни Қазақстан экономикасының шамамен 44 пайызы небәрі үш өңірде өндіріледі.

Мұнайлы өңірлерде өсім қарқыны баяулады
Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша көшбасшылық әлі де мұнайлы өңірлердің қолында. Бірінші тоқсанда Атырау облысында бір тұрғынға шаққанда 4,42 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Одан кейін Алматы қаласы – 3,2 млн теңге, Ұлытау облысы – 3,09 млн теңге, Астана – 2,57 млн теңге және Қарағанды облысы – 2,07 млн теңге орналасты.
Алайда бұл рейтинг өңірдің даму қарқынын толық сипаттай алмайды. Экономиканы бағалауда жан басына шаққандағы өндіріс көлемі өңірдің әлеуетін көрсеткенімен, оның ұлттық экономика өсіміне нақты қосқан үлесін айқындай алмайды. Сондықтан экономистер жалпы ішкі өнім өсіміне қосқан үлес пен нақты көлем индексін экономиканың қазіргі жағдайын бағалауда маңызды көрсеткіштердің бірі ретінде қарастырады.
Бұл айырмашылық әсіресе Атырау облысының мысалында анық байқалды. Ел бойынша ең жоғары жан басына шаққандағы ЖӨӨ дәл осы өңірде тіркелгенімен, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсіміне қосқан үлесі керісінше теріс болды. Атырау облысы жалпы өсімді 1,33 пайыздық тармаққа төмендетті. Сонымен қатар өңірдің нақты көлем индексі 87,9 пайыз болып, республикадағы ең төмен нәтиже тіркелді.
Теріс динамика Батыс Қазақстан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында да байқалды.
Жаңа экономикалық серпін көрсеткен қай аймақ?
Биылғы статистиканың ең маңызды ерекшелігі – халық саны көп өңірлердің экономикадағы рөлінің артып келе жатқаны.
Мысалы, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша соңғы орында тұрған Түркістан облысы жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосқан үлесі жағынан республикадағы жетекші өңірлердің біріне айналды. Оның үлесі 0,33 пайыздық тармақты құрап, Алматы облысымен теңесті. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе және Ұлытау облыстарын басып озды.
Бұл жағдай жан басына шаққандағы өндіріс көлемі төмен өңірдің экономикадағы ықпалы міндетті түрде аз болады деген түсініктің әрдайым дұрыс еместігін көрсетеді. Халық санының көп болуы, ішкі сұраныстың артуы, құрылыс, сауда және қызмет көрсету секторларының кеңеюі өңірдің жалпы экономикалық өсімге қосатын үлесін айтарлықтай арттыра алады.
Өсім қарқыны бойынша да оң өзгерістер байқалды. Нақты көлем индексі Солтүстік Қазақстан облысында 112,9 пайызды, Жамбыл облысында 111,7 пайызды, Ұлытау облысында 111,4 пайызды, ал Түркістан облысында 109,6 пайызды құрады.
Ал ЖӨӨ көлемі бойынша соңғы үштікте Түркістан облысы (526 мың теңге), Жамбыл облысы (629 мың теңге) және Жетісу облысы (710 мың теңге) орналасқан.
Қазақстанның алғашқы тоқсандағы өңірлік статистикасы экономикалық дамудың жаңа теңгерімі қалыптасып келе жатқанын байқатты. Егер бұрын ел экономикасының негізгі тірегі ретінде көбіне шикізат өндіретін өңірлер қарастырылса, қазір халық тығыз орналасқан облыстар мен ірі мегаполистердің ықпалы барған сайын күшейіп келеді. Бұл Қазақстан экономикасының бір ғана мұнай секторына емес, қызмет көрсету, сауда, құрылыс және ішкі тұтыну сияқты бірнеше бағытқа сүйене отырып өсіп жатқанын көрсетеді. Сондықтан өңірлердің экономикалық әлеуетін бағалауда енді өндіріс көлеміне ғана емес, олардың ұлттық өсімге қосқан нақты үлесіне де назар аудару маңызды бола түседі.