ІІМ табиғи және тарихи нысандарды бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде “хайп” жасау және видео жариялау мақсатында табиғи және тарихи нысандарды бүлдіру жағдайлары жиілеп отыр. Мұндай әрекеттер елдің мәдени және табиғи мұрасына зиян келтіріп, заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
Табиғи ескерткіштер, қорықтар, ұлттық парктер және тарихи нысандар Қазақстан Республикасының ұлттық қазынасы саналады және мемлекет қорғауында болады. Жартастарға, ескерткіштерге және өзге де мәдени әрі табиғи нысандарға жазу жазу, оларды зақымдау заң бұзушылық болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабына – «Вандализмге» сәйкес, мемлекет қорғауындағы нысандарды бүлдіргені үшін 100-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамау, бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
ІІМ өкілдері табиғатқа, тарихқа және қоршаған ортаға құрметпен қарау әр азаматтың міндеті екенін еске салды.
– Вандализмнің кез келген көрінісі қатаң құқықтық бағасын алады. Себебі заң мен тәртіп әр азаматтың жауапкершілігіне негізделген, ал мұндай құқық бұзушылықтар үшін жаза бұлтартпай қолданылады, – делінген хабарламада.