$ 463.91
 544.63
 6.26

«Есігіңді жап» дегені үшін өлтірді»: Құран бағыштауға барып, ажал құшқан жігіт жерленді

Редактор
13.05.2026, 09:18
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот
Жігітті үйіне дейін қуып барып өлтірген.

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында ер адамды пышақтап өлтіріп кетті, деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.

Туыстарының айтуынша, марқұм Жанасыл Сәрсенбай інісімен бірге әкесінің басына барып қайтқан. Қайтар жолда көлігінің төрт есігін айқара ашып тұрған жігіттерді көрген. Марқұм «есігіңді жап, өтіп кетейін» дегенімен, олар жол бермеген. Кейін үйіне дейін қуып келіп, пышақтап кеткен.

«Басын шығарып айтқан, «жер жетпей ме, айналып өт» деген. Біздің бала айналып өткенде газ беріп кеткен. Бар шамасы – газ беріп кеткен, сөз болмаған. Содан айналып келіп, машинаны қойып, енді шығып темекі тартайын дегенде келген. Бетпе-бет тұрған. Баланың артында былай тұрған. Жанында інісі көрмеген. Артындағы екі бала көрген. Пышақты тыққан бала еңбетінен түскен ғой бала», – деді марқұмның туысы Жайнагүл Нұрғисақызы.

Оқиға түнгі 11 шамасында болған. Анасы кіші ұлының «ағамды пышақтап кетті» деген сөзінен кейін сыртқа атып шыққанын айтады. Марқұмның екі бүйіріне қатар пышақ сұғылған.

«Мен барып баламды құшақтадым. Балам бүйтіп отыра кетті. Баламды қатты құшақтағанымда қатты күрсінді. Иығыма басын қойды. Соңғы баламды құшақтағаным болды. Соңғы рет баламнан бір ауыз сөзін де естімедім. «Ана» деген сөзді естімедім. Мен кешірім бермеймін, өліп кетсем де, кешірім бермеймін», – деді марқұмның анасы Алмагүл Нұрғисақызы.

Полиция күдіктілерді елді мекеннен шыға берісте ұстаған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

«Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу аясында оқиғаға қатысушылар мен куәгерлердің жауаптары мұқият тексерілуде», – деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.

Марқұмның жақындары күдіктілердің әділ жаза алуын талап етіп отыр.

«Күні кеше әкесінің басына барып, құран оқыған Жанасылды бүгін жақындары әкесінің жанына жерледі. Артында боталаған анасы, бірге толмаған қос қызы және туғандары қалды. Олар өмірін қыршыннан қасақана қиған күдіктілер әділ жаза алуын талап етіп отыр. Тағы полиция Нұра ауылына тәртіпті күшейтіп, рейд жүргізсе, жастар дәл осылай көшеде пышақпен жүрмес еді дейді», – деді тілші Гүлнәзия Мейірханқызы.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау