Астананың оң жағалауында салынатын жаңа LRT желісі бойынша инженерлік зерттеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Бұл туралы CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев айтты.
CTS басшысының сөзінше, жақын күндері геологиялық зерттеу жұмыстары басталады.
— Қазір оң жағалауда геологиялық зерттеу жүргізіп жатырмыз. Алдағы күндері арнайы қондырғылар орнатылып, жер қабаты зерттеле бастайды. Зерттеу нәтижелері дайын болғаннан кейін ескі вокзалға дейінгі желінің құрылысына кірісеміз, — деді Асылбек Дүйсебаев.
Оның айтуынша, жаңа LRT желісі Сығанақ көшесі бойымен өтіп, «Хан Шатыр» маңында Тұран даңғылына бұрылады. Одан әрі Кенесары көшесіне дейін жалғасады. Кейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион тұсынан Жеңіс даңғылына шығып, ескі теміржол вокзалына дейін барады.
Сонымен қатар CTS басшысы болашақта оң жағалау мен Қосшы бағытына тартылатын барлық LRT желілері эстакада арқылы салынатынын айтты.
— Бұрын Қосшы бағытына LRT желісін жер үстімен жүргізу жоспарланған еді. Алайда қазір бұл аумақта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Егер желіні жермен жүргізсек, көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Сондықтан қазір эстакада арқылы салудан басқа мүмкіндік жоқ, — деді ол.
Дүйсебаевтың сөзінше, жоба уақытылы қаржыландырылса, жаңа желіні үш жыл ішінде аяқтауға болады.