$ 472.34
 541.25
 6.01

«Электрондық үкімет» порталы іске қосылғалы 400 миллионнан астам қызмет онлайн көрсетілді

Редактор
17.07.2026, 12:45
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойылды.

Бұл – мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшірумен ғана шектелмейтін, экономиканы, өндірісті, білім мен денсаулық сақтау жүйесін жаңа технология негізінде жаңғыртуды көздейтін ауқымды жоба, деп жазады Bairaqmedia.kz.

Қазір мемлекеттердің қуаты табиғи ресурспен ғана емес, цифрлық технологияны қаншалықты тиімді игергенімен өлшенеді. Сондықтан Президент интернеттің қолжетімділігін арттырып, цифрлық теңсіздікті азайтуды ұлттық дамудың басым бағыты ретінде айқындап отыр.

Бүгінде әлемде цифрлық теңсіздік жаһандық мәселеге айналды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта мемлекеттер «дамыған» немесе «дамушы» деп емес, «цифрланған» және «цифрланбаған» елдер болып жіктелуі мүмкін. Өйткені цифрлық технология білімге, медицинаға, мемлекеттік қызметке және экономикалық мүмкіндіктерге қолжетімділікті анықтайтын басты факторға айналды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаевтың айтуынша, цифрлық теңсіздік – ақпараттық технологиялардың даму деңгейі ғана емес, азаматтардың білімге, денсаулық сақтауға және мемлекеттік қызметтерге заманауи технология арқылы қол жеткізу мүмкіндігі. Оның сөзінше, цифрлық технология бизнес-процестерді автоматтандырып, өндіріс тиімділігін арттырып, жасанды интеллект пен үлкен деректерді пайдалану арқылы экономиканың өнімділігін көтереді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында жасанды интеллект таяу жылдары адамдардың өмір салтын, еңбек нарығын және экономиканы түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Сондықтан Қазақстан жаңа технологиялық өзгерістерге бүгіннен бейімделуі тиіс.

Қазір әлем елдерінің цифрлану деңгейі бірнеше халықаралық рейтинг арқылы бағаланады. Электрондық үкіметтің даму индексінде Дания, Эстония, Сингапур, Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Қазақстан бұл рейтингте 24-орында, ал IMD World Digital Competitiveness рейтингінде 34-орында орналасқан. «Онлайн қызметтер» индексінде еліміз 8-орынға көтерілді. Бұл Қазақстанның цифрлық реформаларының нәтижесін көрсеткенімен, дамыған елдер деңгейіне жету үшін әлі де ауқымды жұмыс қажет.

Осы мақсатта елімізде «Ақпараттық Қазақстан – 2020», кейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламалары қабылданды. Қазір 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – халық пен бизнесті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, 5G технологиясын енгізу және мемлекеттік қызметтің басым бөлігін онлайн форматқа көшіру.

2010 жылдары ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары болған Франк Ла Рю интернеттің мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және саяси дамуын жеделдететінін айтқан еді. Бүгінде бұл болжам толық дәлелденіп отыр. Цифрлық трансформацияны табысты жүзеге асырған мемлекеттер экономикасын әртараптандырып, жоғары технологиялы өндірісті дамытты. Соңғы он жылда әлемдік электрондық коммерция көлемі бірнеше есе өсіп, Қытай әлемдегі ең ірі онлайн сауда нарығына айналды. Ұлыбританияда бөлшек сауданың 36 пайызы интернет арқылы жүзеге асады. Сингапур, Оңтүстік Корея және Дания да цифрлық экономиканы дамытуда көшбасшы қатарында.

Интернеттің жылдамдығы да елдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Қазір Оңтүстік Корея мен Жапония 6G технологиясын сынақтан өткізіп жатса, АҚШ пен Қытай 5G желісін дамытуда жаһандық бәсекеге түсті. Бұл цифрландырудың стратегиялық маңызын көрсетеді. Қазақстанда интернеттің орташа жылдамдығы 66,38 Мбит/с болса, мобильді интернет бойынша еліміз әлемдік рейтингте 58-орында тұр.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, еліміздегі 6 256 елді мекеннің 4 858-і интернетпен қамтылған. Мыңнан астам ауылды байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, ал 5G желісі Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталығында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Қазақстанда цифрландырудың нақты нәтижелері де бар. 2019 жылы іске қосылған eGov Mobile қосымшасы арқылы бүгінде мемлекеттік қызметтердің шамамен 80 пайызы смартфон арқылы қолжетімді. «Электрондық үкімет» порталы іске қосылғалы 400 миллионнан астам қызмет онлайн көрсетілді. Цифрландыру ең алдымен еңбек өнімділігін арттырып, өндірістегі шығынды азайтады. Сонымен бірге мемлекеттік және коммерциялық қызметтердің сапасын жақсартып, азаматтарға қолайлы жағдай жасайды. Үлкен деректер мен жасанды интеллект басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттырып, бизнестің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект, блокчейн және кванттық технологиялар алдағы онжылдықта экономикалық өсімнің басты қозғаушы күшіне айналады. Ал цифрлық технологияны тиімді игерген мемлекеттер ғана тұрақты экономикалық өсімге, жоғары өнімділікке және жаһандық ықпалға қол жеткізеді. Сондықтан цифрландыру – технологиялық жаңару ғана емес. Ол – ұлттық қауіпсіздік, экономикалық даму, тиімді мемлекеттік басқару және халықтың өмір сапасын жақсартудың басты тетігі.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау