2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 7,2 есе артқан. Бұл жөнінде Орал қаласында өткен инвестициялық форумда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев хабарлады.
Аталған форумға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Азамат Дүйсембеков, Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Жәкібаев қатысты. Одан бөлек Қытай, Ресей және Корея елдерінен келген инвесторлар да болды.
– Қазақстан Республикасы Президентінің еңбек өнімділігін арттыру, экспортқа бағытталған экономикалық секторларды құру және жоғары қосылған құн өнімдерін өндіру жөніндегі нұсқауына сәйкес, жаңа инвестициялық циклді енгізу арқылы ел үшін заманауи өнеркәсіптік негіз құрылады. Батыс Қазақстан облысы инвестициялық әлеуеті бар ең тартымды аймақтардың бірі. Облыста инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ең алдымен, бұл нақты көрсеткіштер арқылы байқауға болатын қолайлы инвестициялық ахуал, – деп мәлімдеді өңір басшысы.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің баяндауынша, соңғы үш жылда аймақтың негізгі капиталына шамамен 2,3 триллион теңге инвестиция тартылды. Тұрақты оң үрдістер байқалады, яки орташа жылдық өсім 15%-ға жетті, бұл аймақ экономикасына бизнестің жоғары сенімділігін көрсетеді.
Сонымен қатар, тек 2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана инвестиция көлемі 22,4%-ға өсіп, 135 миллиард теңгеден асты, бұл оң үрдісті растайды.
Соңғы үш жылда 4,9 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика аймақтары арасында жетекші орын алады. 2025 жылы оның көлемі 1,8 миллион долларды құрады. Қазақстан бойынша БҚО 4-ші орын алды.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция 7,2 есе өсіп, 14,2 млрд теңгені құрады. Облыста жалпы құны 2,7 триллион теңгеден асатын шамамен 100 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
– Біздің өңірдің инвестициялық әлеуеті айтарлықтай зор. Бұл ең алдымен оның тиімді географиялық орналасуына байланысты.
Батыс Қазақстан облысы Қазақстанның батыс қақпасы болып табылады және елдің сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуда стратегиялық маңызды рөл атқарады. Облыс Ресей Федерациясының бес аймағымен шектеседі, бұл айтарлықтай транзиттік әлеуетті қамтамасыз етеді. Географиялық орналасуына байланысты аймақ Қазақстанды Ресей, Еуропа және Орталық Азия нарықтарымен байланыстыратын маңызды көлік және логистикалық хаб болып табылады, – деп мәлімдеді Нариман Төреғалиұлы.
Батыс Қазақстан 100 мемлекетпен ынтымақтастық орнатқан және негізгі экономикалық салалардағы, әсіресе өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Соңғы үш жылда облыстың сауда айналымы 20,8 миллиард долларды құрады, оның шамамен 93%-ын пайызын экспорт құрайды. Сауда айналымының орташа жылдық өсімі шамамен – 4%.
Өңір табиғи ресурстарға да бай. Қазақстандағы ең ірі газ конденсаты кен орнының бірі – Қарашығанақ газ конденсаты мұнай мен газ өндіретін негізгі аймақтың бірі болып табылады. Мұнай-газ саласының дамуы Батыс Қазақстан облысы экономикасының негізгі қозғаушы күші болып есептелінеді және жаңа инвестицияларды тартады. Жалпы алғанда, аймақтың мұнай мен конденсат қоры 4,2 миллиард баррельден, ал газ қоры 1,6 триллион текше метрден асады.
Атап айтқанда, мұнай-газ өнеркәсібіне арналған жабдықтарды, соның ішінде сорғыларды, компрессорларды, құбыр арматураларын, бұрғылау жабдықтарын және басқа да жабдықтарды өндіруге арналған жобаларды жүзеге асыруға инвесторларға жол ашық. Сонымен қатар кең таралған пайдалы қазбалар кен орындарының болуы әртүрлі салаларды дамытуға ықпал етуде.
Облыс әкімі жаңа экономикалық аймақ құрылатынын да мәлімдеді.
– Аймақтағы басым экономикалық салаларды дамыту үшін біз инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылым мен дайын заманауи өнеркәсіптік алаңдарды жасап жатырмыз. Атап айтқанда, жалпы ауданы 281 гектарды алып жатқан «Еуразия» индустриялық аймағы құрылды.
Қазіргі уақытта бұл аймаққа арнайы экономикалық аймақ мәртебесін беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі тапсырма берді. АЭА құру тұжырымдамасын Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігі қолдады және қазіргі уақытта үкімет қаулысының жобасы қаралуда.
Арнайы экономикалық аймақ құру өңір тартымдылығын арттырады, жоғары технологиялық өндірісті жолға қояды, импортты азайтады және жаңа жұмыс орындарын ашады.
Сондай-ақ жалпы ауданы 800 гектарды алып жатқан «Сырым» аймақтық өнеркәсіптік аймағы құрылуда. Бұл алаңдар экономиканың басым салаларын дамытуға бағытталған. Яғни машина жасау, химия, құрылыс материалдарын өндіру, агроөнеркәсіптік кешен, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және басқа да секторларды дамытуға себепші болады, – деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.
Облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен өткен форумда инвесторлар құқығын қорғау құзіретті орган назарында екені айтылды. Прокурор Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары инвестициялық жобаларды іске асыру барысында инвесторларға жүйелі түрде құқықтық қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
Форум барысында инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Соңғы үш жылда кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істер саны төрт есе кеміді. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда бизнеске кедергі келтіру фактілері бойынша әкімшілік өндірістер саны үш есеге төмендеген.
– Орал қаласы тоғыз жолдың торабында, шығыс пен батысты жалғайтын Жібек жолының бойында орналасқан. Сондықтан болашақ жобамызға тиімді деп осы өңірді таңдадық. Қытай инвесторлары болып Сарытау шағынауданында «Еуразия» индустриалды логистикалық хаб жобасын мамыр айында қолға алдық. Жоба құны 22,5 млрд теңгені құрайды. Хаб құрамында жоғары технологиялы қоймалар, офистік ғиамарат, қонақүй, қоғамдық тамақтану орны, жанар-жағармай бекеті, аутосервис болады. Электронды халықаралық коммерцияны тоғыстыратын трансшекаралық сауда нүктесіне айналады. Еуропа мен Азияны қосатын маңызды хаб Оралда салынады. Осы жоба аясында құрылыс материалдары және басқа да зауыттар құрылысы жалғасады. Жергілікті әкімдік пен мемлекеттік құрылымдар инвестор ретінде бізге жан-жақты қолдау көрсетуде. Қос мемлекет арасындағы дұрыс құрылған стратегиялық байланыс біздің әріптестік байланысымызды нығайта бермек, – деді «JinoneExcellencelnvestments» ЖШС вице-президентінің көмекшісі Хэ Хуай.
Форум соңында қалдықтарды қайта өңдеу, логистика, энергетика, туризм және фармацевтика салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Бұл өңір экономикасын дамытудағы маңызды қадам болды.