Миллиондаған адам күн сайын Facebook, Instagram, TikTok, Telegram және басқа да платформалар арқылы пікір білдіреді, жаңалық таратады, түрлі жазбаларды бөліседі. Алайда виртуалды кеңістіктегі еркіндік жауапкершіліктен босатады деген түсінік – қате.
Кейінгі жылдары қоғамда Қылмыстық кодекстің 174-бабына қатысты пікірталас жиілей түсті. «Қарапайым пікір үшін жауапқа тартылуға бола ма?», «Бір ғана «репост» қылмыс болып есептеле ме?», «Сөз бостандығы қай жерден аяқталып, заң алдындағы жауапкершілік қай жерден басталады?» деген сауалдар көпшілікті алаңдатады.
Дінтанушы Жасұлан Сандыбектің айтуынша, бұл сұрақтарға жауап беру үшін алдымен 174-баптың нақты мақсатын түсіну қажет.
– Қоғамда бұл бапқа қатысты әртүрлі пікір қалыптасқанымен, оның негізгі мақсаты – адамдардың ойын шектеу емес. Бұл норма қоғамдағы тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді қорғауға бағытталған. Қазақстан – көпұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет. Сондықтан қандай да бір топқа қарсы өшпенділік туғызуға бағытталған әрекеттердің алдын алу – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі, – дейді маман.
Сын айту мен араздық қоздыру – екі бөлек ұғым
Сарапшының айтуынша, қоғамда жиі кездесетін қателіктің бірі – заңды сын айту құқығы мен өшпенділік насихатын бір ұғым деп қабылдау.
Азамат мемлекеттік органның жұмысын сынауы, қоғамдық мәселеге қатысты пікір білдіруі немесе қандай да бір діни ағымның қызметіне ғылыми, құқықтық тұрғыдан баға беруі – заңмен қорғалатын құқықтардың бірі. Бұл өздігінен Қылмыстық кодекстің 174-бабына жатпайды.
– Ал белгілі бір этносты, дінді немесе әлеуметтік топты кемсіту, оларды қоғамға қауіп ретінде көрсету, азаматтарды бір-біріне қарсы қою немесе зорлық-зомбылыққа үндеу – мүлде басқа мәселе. Мұндай әрекеттер қоғамдық келісімге нұқсан келтіреді. Сондықтан заң дәл осындай мазмұндағы материалдарға құқықтық баға береді, – дейді Жасұлан Сандыбек.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдары кез келген жарияланымды бірден қылмыс деп бағаламайды. Әрбір материалдың мәтіні, мақсаты, мазмұны, жарияланған ортасы, аудиториясы және ықтимал салдары жан-жақты сараланады. Қажет болған жағдайда арнайы сараптамалар жүргізіледі.
Бұрын араздық тудыратын пікірлер белгілі бір ортадан аса қоймайтын. Ал бүгінде бір ғана жазба немесе бейнеролик бірнеше минуттың ішінде мыңдаған, тіпті миллиондаған адамға таралады.
– Интернет ақпарат тарату мүмкіндігін еселеп арттырды. Сондықтан жалған ақпарат, экстремистік идея немесе өшпенділікке шақыратын үндеу де өте жылдам таралады. Осы себепті әлеуметтік желідегі жауапкершілік бұрынғыдан да маңызды болып отыр, – дейді дінтанушы.
Оның айтуынша, әсіресе жастар әлеуметтік желідегі қысқа видеолар мен эмоционалды жазбаларға тез сеніп қалуы мүмкін. Радикалды топтар да осы психологиялық ерекшелікті пайдаланып, діни ұғымдарды бұрмалап, қоғамға қауіпті идеяларды қарапайым уағыз немесе «шындық» ретінде ұсынуға тырысады. Сондықтан кез келген ақпаратты бөліспес бұрын оның қайдан алынғанына, кім жариялағанына және мазмұнының заңға сәйкестігіне назар аудару қажет.
Құқықтық салдары болуы мүмкін
Көпшілік әлеуметтік желіде өзге біреудің жазбасын немесе бейнеролигін бөлісуді қарапайым әрекет деп қабылдайды. Алайда заң тұрғысынан бұл да ақпаратты тарату болып саналады.
Жасұлан Сандыбектің айтуынша, бүгінгі таңда экстремистік немесе террористік ұйымдардың идеологиясы бұрынғыдай жасырын жиналыстар арқылы емес, көбіне интернет кеңістігі арқылы таралады. Әсіресе Telegram арналары, жабық чаттар, қысқа бейнероликтер мен әлеуметтік желідегі парақшалар мұндай ақпараттың негізгі құралына айналған.
– Радикалды ұйымдар адамдарды бірден өз қатарына тарта қоймайды. Алдымен олар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, дін туралы үстірт мәлімет береді, эмоцияға әсер ететін контент таратады. Уақыт өте келе аудиторияның сеніміне кіріп, біртіндеп радикалды көзқарасты қалыптастыруға тырысады. Сондықтан кез келген діни ақпараттың қайдан шыққанына ерекше мән беру қажет, – дейді маман.
Сарапшының айтуынша, мұндай материалдарды бөлісу, тіпті оның мазмұнымен толық келіспесе де, қауіпті ақпараттың таралуына ықпал етуі мүмкін.
– Кейде адамдар «тек бөлістім», «өзім жазған жоқпын» деп ойлайды. Бірақ ақпаратты тарату арқылы оның аудиториясын көбейтіп отырғанын ескере бермейді. Сондықтан әлеуметтік желіде кез келген материалды жарияламас бұрын оның мазмұны мен дереккөзіне назар аудару қажет, – дейді ол.
Діни сауат – қауіпсіздіктің кепілі
Сарапшылар соңғы жылдары діни экстремизмнің сипаты өзгергенін айтады. Егер бұрын радикалды топтардың әрекеті ашық байқалса, қазір олар ақпараттық технологияларды тиімді пайдаланып, жастардың сеніміне психологиялық тәсілдер арқылы әсер етуге көшкен. Жастардың діни сауатының жеткіліксіздігі мен әлеуметтік желідегі ақпаратты сүзгіден өткізбей қабылдауы – негізгі қауіптердің бірі.
– Қазір кез келген адам өзін діни уағызшы ретінде көрсете алады. Бірақ оның айтқаны дәстүрлі ислам қағидаларына немесе ресми діни ұстанымдарға сәйкес келе ме, жоқ па – көпшілік оны ажырата бермейді. Сондықтан діни білімді сенімді дереккөздерден алу өте маңызды, – дейді дінтанушы.
Ол азаматтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сияқты ресми діни институттардың түсіндірмелеріне сүйенуге кеңес береді. Ал күмәнді діни парақшаларға, белгісіз мессенджер топтарына немесе анонимді арналарға сенуге болмайтынын айтады.
Цифрлық дәуірдегі құқықтық мәдениет
– Кез келген ақпаратты бөліспес бұрын оның шынайылығын тексеріп, қоғамға қандай әсер етуі мүмкін екенін ойлаған жөн. Егер материалда діни немесе ұлттық өшпенділікке шақыратын белгілер байқалса, оны таратудан бас тартқан дұрыс. Кейде үнсіз қалу – қоғам алдындағы ең дұрыс шешім болуы мүмкін, – дейді Жасұлан Сандыбек.
Оның пікірінше, сөз бостандығы мен заң алдындағы жауапкершілік бір-біріне қарсы ұғымдар емес. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырады. Азамат өз пікірін еркін білдіре алады, бірақ ол пікір басқа адамдардың құқығына, қоғамның тұрақтылығына және елдің қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі тиіс. Қылмыстық кодекстің 174-бабы пікір білдіруге тыйым салуды емес, қоғамда діни, ұлттық немесе әлеуметтік алауыздықтың туындауына жол бермеуді көздейді. Ал мұндай құқықтық нормалардың тиімділігі ең алдымен азаматтардың құқықтық және діни сауаттылығына байланысты.