$ 467.65
 533.26
 5.96

«Астана Опера» солисі халықаралық байқаудың жүлдегері атанды

Редактор
23.07.2026, 14:02
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
 Нұрсұлтан Әнуарбек жас опера әншілерінің  байқауына қатысты.

«Астана Опера» солисі әрі Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасының қатысушысы, тенор Нұрсұлтан Әнуарбек С.Я.Лемешев атындағы V халықаралық жас опера әншілерінің  байқауында Қазақстанды абыроймен таныстырып, ІІІ сыйлық лауреаты атанды. Ірі музыкалық оқиға Тверь академиялық облыстық филармониясының сахнасында өтті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Байқау бағдарламасы үш кезеңнен тұрды, оның тыңдалымдары Тверь филармониясының Үлкен концерт залында өтті. Жоба аясында вокалистер классикалық романстардың, халық әндері мен XVIII–XX ғасырлардағы күрделі опера арияларының тереңнен пайымдалуын паш етті. Бірінші және екінші кезеңдерде қатысушылар фортепианоның сүйемелдеуімен өнер көрсетті, ал ақтық III тур мен лауреаттардың Гала-концертін Тверь филармониясының симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Іс-шараның салтанатты жабылуы Тверь академиялық драма театрының Үлкен залы сахнасында өтті.

– Бірінші кезеңде мен Шарль Гуноның аттас операсынан Фаусттың каватинасын орындадым, – деп әңгімеледі Нұрсұлтан Әнуарбек. – Бұдан бөлек, байқау ережесі бойынша қатысушылар өздерінің туған тілдерінде шығарманы ұсыну қажет болды, сондықтан мен Абай Құнанбайұлының сөзіне жазылған М.Төлебаевтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» романсын дайындадым. Екінші турда менің бағдарламама Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсынан Герцогтің ариясы, Петр Чайковскийдің «Хотел бы в единое слово...» романсы мен Сергей Рахманиновтың «Алеко» операсынан «Жас сыған жігітінің романсы» енді. Ал финалда мен Джакомо Пуччинидің «Богемасынан» Рудольфтың ариясын таныстырдым.

Бұл музыкалық оқиғаның тартысты бәсекелестігімен ерекшеленгенін атап өту маңызды: қатысушылар арасында өздерін жетекші оперa сахналарында танытып үлгерген вокалистер көп болды. Мерейтойлық байқау Қазақстан, Ресей, Қытай, Түркия, Гватемала, Боливия, Өзбекстан және Беларусь елдерінен 150-ден астам орындаушының басын қосты. Шығармашылық сайысқа 20 мен 35 жас аралығындағы опера әншілері – консерватория студенттері мен түлектері, сондай-ақ музыкалық театрлар мен филармониялардың солистері қатысты. Өнер көрсетулерді Қазақстан, Ресей, Швейцария, Сербия мен Түркиядан келген көрнекті өнер қайраткерлерінен құралған беделді халықаралық қазылар алқасы бағалады.

– Қазақстанның және туған «Астана Опера» театрының атынан барғаннан кейін мен отандық опера өнерін барынша жоғары деңгейде таныстыруға тырыстым. Бұл мен үшін шығармашылық жолымды бір қадам ілгерілетуге ықпалын тигізді деп ойлаймын. Жалпы, мансап жолын енді бастап келе жатқан әрбір әнші үшін осындай халықаралық деңгейдегі жобалар өте мол тәжірибе береді. Үлкен сахналарға жиі шығып жүрген әртіс болсам да, байқау алдында қобалжу болды. Өйткені қазылар алқасының құрамындағы танымал дирижерлер, опера майталмандары сені байқап, келешекте шетелдік жобаларға шақыруы мүмкін. Сондықтан мұндай байқаулар – халықаралық агенттердің көзіне түсуге керемет мүмкіндік, – деп атап өтті қазақстандық тенор.

Нұрсұлтан Әнуарбек байқаудан кейін қазылар алқасының мүшелері мен шетелдік әріптестері өзіне жылы лебіздерін білдіргенін, сондай-ақ қазақстандық вокал мектебінің деңгейіне жоғары баға бергенін қоса айтты.

Тверьдегі марапаты әртістің кәсіби жетістіктерінің тізімін толықтырды. Astana Opera Халықаралық опера академиясының тәрбиеленушісі бола отырып, Нұрсұлтан Әнуарбек Үлкен театрдың Жастар опера бағдарламасының қатаң іріктеуінен өткен еді, әртіс ол жақта сегіз айдан астам уақыт бойы тәжірибеден өтуде. Осы уақыт ішінде ол П.Чайковскийдің «Иоланта», С.Прокофьевтің «Соғыс және бейбітшілік», «Нағыз адам туралы повесть», «Отты періште», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта», Р.Вагнердің «Парсифаль»  және тағы басқа операларының қойылымдарын қоса алғанда 20-дан астам спектакль мен концертке қатысты.

– Мұндағы оқу бағдарламасы өте күрделі. Үлкен театрдың тарихи сахнасында жасаған дебютім Рихард Штраустың «Саломея» операсына қатысуым болды. Бұдан бөлек, В.А.Моцарттың «Барлық әйел осылай жасайды» операсынан Феррандоның партиясы үлкен жұмыстарымның біріне айналды, оны орындау – мен үшін үлкен мәртебе. Жалпы, репертуарым көптеген шетелдік опера туындысымен толықты. Үлкен және Мариинский театрларының директоры, біртуар дирижер Валерий Гергиевтің басқаруымен бірқатар өнер көрсету орын алды. Алда маңызды премьера күтіп тұр: 27 шілдеде Санкт-Петерборда Мариинский театрының Концерт залында Сергей Прокофьевтің «Дуэнья» операсындағы басты кейіпкерлердің бірі – Антонионың рөлінде сахнаға шығамын, - деп пікірімен бөлісті Нұрсұлтан Әнуарбек.

Жетекші опера алаңдарындағы қарқынды жұмысы мен С.Я.Лемешев атындағы байқаудағы жаңа жеңісі қазақстандық тенордың жоғары шеберлік деңгейін дәлелдейді және оның халықаралық мансабында келесі кезеңді ашады.