Белгілі актриса әрі әзілкеш Жұлдызай Дүйсенбиева әріптесі, «Алдараспан» театрының жетекшісі Нұржан Төлендиевпен арадағы шығармашылық байланысы туралы баяндап берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
AINUR ASANBERDI YouTube арнасына берген сұхбатында ол 15 жылдық тарихы бар «Алдараспан» театрында екеуінің бірге сомдаған рөлдері халық арасында әлі күнге дейін айтылып жүретінін жеткізді.
Актрисаның айтуынша, сахнадағы шынайы ойындары көрермендердің оларды ерлі-зайыпты ретінде қабылдауына себеп болған.
Жүргізуші «Нұржан екеуіңізді не байланыстырады?» деп сұрағанда, Жұлдызай бұл сауалға бірден қалжың араластыра жауап берген.
«Нұржан екеумізді махаббат байланыстырады. Өйткені, арамызда бала бар. Қазір көрерменнің бәрі “Масқара! Айттым ғой!” деп отырған шығар» – деп әзілдеді.
Ол бұл сөздің астарында екеуінің өнерге деген ортақ сүйіспеншілігі жатқанын атап өтті.
«Махаббат деп отырғаным – театр мен сахнаға деген махаббатымыз. Нұржан сахнаны шын жақсы көретін актер. Қанша ақша ұсынса да, киноға түспей, сахнадан түспей жүр. Біз кейде ренжісіп қалсақ та, сахнаға шыққанда бәрін ұмытып, керемет өнер көрсетеміз. Сахнадан түскен соң қайта ұрысуымыз мүмкін. Бұл – халыққа, театрға деген махаббат» – деді Жұлдызай Дүйсенбиева.