Түркістанда дінге қатысты сауалдарға жауап берілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Яғни, «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы азаматтардың арыз-өтініштері бойынша онлайн форматта қабылдау өткізді.
Қабылдау барысын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев жүргізіп отырды.
Азаматтар тарапынан жолданған сұрақтардың мазмұны сан алуан болды.
Атап айтқанда, ақылы жоқтау айтушыларға шариғаттың көзқарасы, құлпытас орнатудың әдебі мен тыйымдары, сондай-ақ, рулас жандардың отбасын құру мәселесіне қатысты исламда не делінетіні жөнінде сауалдар қойылды. Бұдан бөлек, жұма намазының үкімі, мәуліт мерекесінің маңызы туралы да бірқатар сұрақтар көтерілді.
Басқарма басшысы әрбір сұраққа жан-жақты әрі нақты жауап беріп, азаматтарды мазалаған мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, қабылдау барысында басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында да қысқаша ақпарат беріліп, өзекті бағыттарға басымдық беріліп отырғаны айтылды.
Азаматтарды қабылдау «AMANAT» партиясының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жолындағы нақты әрі жүйелі жұмыстарының бірі. Мұндай шаралар тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасында ашық диалог орнатып, халықтың өзекті мәселелерін тиімді шешуге септігін тигізеді.