$ 448.44
 514.81
 5.33

Ақтөбе облысында майысқан көпір құрылысына қатысты мердігер түсініктеме берді

Редактор
22.09.2026, 21:20
Коллаж: bairaqmedia.kz
Коллаж: bairaqmedia.kz
«СЕрВИС НС» ЖШС жағдайға байланысты түсініктеме жасады

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысындағы құрылыс алаңында түсірілген видео тарады. Кадрдан Жем өзені арқылы салынып жатқан көпірдегі ірі темірбетон арқалықтың төмен түскенін көруге болады. Видео көпшілік арасында талқыланып, құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты сұрақтар туғызды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Аталған нысанда бас мердігер ретінде жұмыс істеп жатқан «СЕрВИС НС» ЖШС жағдайға байланысты түсініктеме берді. Компания мәліметінше, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Мердігердің хабарлауынша, «Жем өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу» нысаны әзірге пайдалануға берілмеген және онда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.

Компания әлеуметтік желіде тараған видеодағы жағдайды апаттық опырылу емес, құрылыс барысында анықталған ақаулы конструкцияны алып тастау жұмысы деп түсіндірді.

Мердігер ұсынған ақпаратқа сәйкес, ұзындығы 42 метр болатын ВТК-42 үлгісіндегі темірбетон арқалықтарды монтаждау кезінде олардың бірінен зақым анықталған. Осыған байланысты техникалық қадағалау талаптарына сәйкес аталған конструкцияны көпір құрылысында пайдаланбау және жаңасына ауыстыру туралы шешім қабылданған.

Компанияның түсіндіруінше, желіде тараған кадрларда осы зақымдалған арқалықты демонтаждау және кейіннен кәдеге жарату үшін түсіру сәті көрсетілген.

«СЕрВИС НС» ЖШС құрылыс барысында қолданылатын материалдардың сапасы бақылауда екенін, ал талапқа сәйкес келмейтін немесе зақымдалған конструкциялар анықталған жағдайда олардың әрі қарай пайдалануға жіберілмейтінін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Ал әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты келтірілген түсініктеме — мердігер компанияның ресми ұстанымы.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау