Аналар күні қарсаңында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында астаналық жас аналарға арналған үлкен теннистен мастер-класс ұйымдастырылды.
Іс-шарада 20-дан астам елордалық жас ана бой көрсетті. Мастер-класс барысында қатысушыларға үлкен теннистің алғашқы әліппесі үйретіліп, спорттың негізгі техникалары таныстырылды. Кәсіби жаттықтырушылар аналарға арнайы жаттығулар өткізіп, теннис ойынының базалық тәсілдерін көрсетті.
Шеберлік сағатына жас аналарға қолдау үшін халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан екі дүркін Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Назгүл Боранбаева арнайы келді.
Сонымен қатар шараға Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы, «Отбасы — бақыт мекені» жобасының жетекшісі Балжан Қолғанат қатысты.
— Бүгінгі үлкен теннистен мастер-класс өткізу сіздерге деген құрметтің белгісі. Балаларға шабыт беріп, олардың арманына қанат бітіріп жүрген аналардың еңбегі өлшеусіз.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жүректеріңізге қуаныш тілеймін! Балаларыңыздың жетістігі артып, өздеріңіз де спортқа жақын болуларыңызға тілектеспін, — дейді Назгүл Боранбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара аналардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға және отбасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етпек.
— «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында отбасыларға қолдау көрсетіп, олардың сұраныстары мен ұсыныстарын ескеруге тырысамыз. Бұл жолы аналарға арналған спорттық әрі еркін форматтағы іс-шара ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта да жоба жалғасады. Қыркүйек айында елордадағы үздік жас отбасын анықтайтын байқау өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар әкелер мерекесіне орай арнайы іс-шаралар ұйымдастыру көзделген, – деді Балжан Қолғанат.
«Бақытты ана — бақытты отбасы» қағидатын негізге алған шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен жаңа серпін сыйлағанын айта кеткен жөн.