Алматы облысы Ұйғыр ауданында Шонжы ауылындағы демалыс орындарының бірінде ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Марқұмның қарындасының айтуынша, бауырын әріптестері түні бойы азаптаған. Оны таспен ұрып-соғып, содан кейін тірідей көміп тастаған.
Ер адам 23 мамырда жұмысқа кетіп, қайта оралмаған. Жақындары оны бірнеше күн бойы өз бетінше іздеген, ал 27 мамырда ер адамның анасы полицияға ресми түрде арызданған. Сол күні жедел іздестіру шаралары барысында жоғалған азаматтың мәйіті Шонжыдағы жұмыс орнынан алыс емес жерде көмілген күйінде табылды.
Полиция қылмыстың болғанын растады.
"Жедел іздестіру барысында жоғалған адамның денесі жұмыс орны – демалыс аймағына жақын жерден табылды. Алдын ала мәлімет бойынша алкоголь ішкеннен кейін ер адам мен оның әріптестері арасында жанжал болған, оның барысында жәбірленушіге дене жарақаты салынған", - дейді Алматы облысының полиция департаменті.
Полиция "ер адамды тірідей көмді" деген ақпаратты жоққа шығарды. Қазіргі уақытта кісі өлтіру және қылмысты жасыру фактісі бойынша іс қозғалды.
"Екі күдікті қамауға алынды. Компанияда болған үшінші адамға қатысты шешім тергеу нәтижесі бойынша қабылданады", - дейді полиция.