Түркістан облысында егде жастағы ер адам 25 жыл отасқан әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Қайғылы жағдай ерлі-зайыптының үйінде болған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Информбюро агенттігі жазды. Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққан. Көршілерінің сөзінше, анасының дауысын естіп бөлмеден шыққан кіші ұлы оны ауыр жараланған күйде тауып, дереу жедел жәрдем шақырған. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, реанимацияда көз жұмды.
Түркістан облысының полициясы күдіктінің ұсталып, қамауға алынғанын растады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыпты шамамен 25 жыл бірге өмір сүріп, төрт бала тәрбиелеген. Қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.
"Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданатын болады", - деді МҰХТАР СЕЙДІЛДАЕВ, Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы.