$ 453.93
€ 508.72
₽ 5.35

Жетісуда пышақ жарақатынан көз жұмған оқушының анасы тың мәлімет айтты

Редактор
09.10.2026, 22:06
Әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіден
Қайғылы оқиға 6 қазанда болған 

Жетісу облысында мектеп оқушылары арасындағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылында 8-сынып оқушысы пышақ жарақатынан қаза тапты. Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысты тың мәліметтерді айтып берді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, мектеп оқушылары арасында жанжал туындап, соның салдарынан жасөспірімдердің бірі пышақ жарақатын алған. Ауыр жараланған бала ауруханаға жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Марқұмның анасы Самал Мұхамадиеваның айтуынша, оқиға кезінде балалар мектептен бір көше төмен түсіп, өзара жанжалдасқан. Ол ұлына пышақ салынған сәт бейнежазбаға түсірілгенін де мәлімдеді.

«Сабақ уақытында оқушылар мектептен бір көше төмен түсіп барып, жанжалдасқан. Менің ұлыма пышақ салғанын да түсіріп тұрыпты. Баламның телефонына түсірген. Маған көрсетпеді, телефонды полиция алып кетті», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Самал Мұхамадиеваның сөзінше, пышақ баласының жүрек тұсына тиген. Жараланған жасөспірімді жолдан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі ауруханаға жеткізген. Алайда бала сол жерде көз жұмған.

«Баламды дәрігерлердің кесуіне рұқсат бердім. Пышақты екі рет салған. Суырып алып, қайта салған дейді. Күдіктінің туыстары келмеді, келсе де кешірмеймін», – деді марқұмның анасы.

Ал Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқушылар арасындағы жанжалдан кейін кәмелетке толмаған баланың қаза табу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полицияға жеткізілген.

Бұл оқиғаға байланысты білім беру мекемесінің қызметкерлері де тергеуге алынды. Атап айтқанда, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін хабарлады.

Айта кетейік, оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау